Арыстың балалары жазғы демалыста: кітапханаға саяхат

18.07.19

17 шілде күні Арыс қаласынан Семей қаласына жазғы демалысқа келген 5-6 сынып оқушылары Абай атындағы кітапханаға жол тартты. Балалар 1883 жылы саяси жер аударылғандардың бастамасымен ашылған кітапхана тарихымен, оның бөлімдерімен және қызметімен танысты. Шараға қатысушылар 135-жылдық тарихы бар кітапхананың сирек қоры, ұлы Абайдың рухани мұрасы және әлем тілдеріндегі шығармалар туралы мол мағлұмат алды.

Кітапханаға саяхаттау барысында балаларға кең көлемді кітап көрмесіне шолу жасалып, сонымен қатар танымдық ойындар мен интеллектуалдық сұрақтар ұсынылды. Алғашында «Менің отаным – Қазақстан» деген тақырыпта сұрақ-жауап ойыны берілсе, «Кім жылдам?» атты ойында қатысушылар жауапты үш тілде дыбыстап, ерекше қызығушылық білдірді.  Ал «Сөзді тап» атты танымдық ойында балалар мақал-мәтелдерде түсіп қалған сөздерді жарыса тауып жатты.

Кітапханаға саяхаттау соңында Арыс қаласынан келген барлық балаларға «Отбасы орталығы» ҚҚ және қалалық Достық Үйі дайындаған сыйлықтар табысталды.