Абай жаңаша үлгідегі басылым: кітаптың таныстырылымы

02.08.19

Ұлы Абайдың  175 жылдық мерейтойы  қарсаңында Абай атындағы кітапханада  1 тамыз күні Семей қаласының «Интеллект»  баспасынан  философия ғылымының кандидаты  Асан Омардың құрастыруымен жарық көрген  «Абай: жаңаша үлгідегі басылым» кітабының таныстырылымы өткізілді.

Кітап сүйер оқырман қауымды Абай Құнанбаевтың туған халқына арнаған баға жетпес рухани қазынасымен және кітаптың мазмұнымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шараға қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен мәдениет мекемелерінің мамандары қатысты.

Шара ұлы ақынның жиені Балтабек Ерсалимов пен тарихшы, шежіреші Молдабек Жанболатовтардың жаңа баспа көрген басылымның тұсаукесер рәсімін жасаумен басталды.

Алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының докторы Әубәкірова Қарлығаш жаңа басылымның мазмұнымен жиналған қауымды таныстырып, Абай өлеңдерінің философиялық қырларына тоқталды.

Тарихшы-археолог  Исин Амантай, этнограф-тарихшы Мұхамадиұлы Мұхаметқазы, Абай ауданының құрметті азаматы Мұқатаев Амантай кітапқа енген Абай өлеңдері мен қарасөздерінің  орналасу реті мен оларға берілген түсініктер жөнінде өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, сын ескертпелерін де айтып өтті.

Шара барысында  кітапты құрастырушы Асан Омар кітапқа Абайдың 195 өлеңін жазылған жылдары бойынша (хронологиясы) реттеп топтастырғандығы және әр туындының идеялық өзегін, философиялық мәні мен мағынасын ұқтыруға баса назар аударғандығы жөнінде әңгімелеп, кітапты  Абай сөзін ардақ тұтатын қалың оқырманға арнағандығын жеткізді.