Қазақстан – түркі әлемінің қара шаңырағы: көшпелі кітап көрмесі

08.08.19

Абай атындағы кітапханада 7 тамыз күні «Қазақстан – түркі әлемінің қара шаңырағы» атты көшпелі кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеге түркі әлемінің тарихы, мәдениеті мен әдебиетінен сыр шертетін Б.С.Бөлекбаевтың «Әлемдік мәдениет пен өркениетке түркі қосқан үлесі”, Х.М.Абжановтың «Түркі әлеміндегі Қазақстан: іргелі тарих және методология», Қ. Қ.Жаңабаевтың «Әлемдік мәдениет пен өркениетке түркі қосқан үлесі», Қ.Қ.Алпысбаевтың «Түркі мұрасы және қазіргі қазақ әдебиеті» сынды т.б. кітаптар мен мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар топтамалары ұсынылып, жан-жақты шолу жасалынды.

Түркі әлемі тарихы мен мәдениетінен мол мағлұмат беретін маңызды көрме қаламыздағы Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесінде жалғасын тапты. Қатысушылар көрмеден орын алған басылымдар арқылы тарихи үрдістердің дамуына елеулі үлес қосқан түркі тайпалары мен түрлі халықтардың мәдениетімен танысты. Кітапханашы Б.Игілік көрмеге шолуында Қазақ елінің бүкіл түркі әлеміне қатысты орталық болып табылатындығын, Қазақстан географиялық жағынан Түркі әлемінің қақ ортасында орналасқандығын тілге тиек етіп, кең байтақ даланы мекен еткен көшпенділер өмірі мен салт-дәстүрі туралы мол мағлұмат берді.

Шараға қатысушылар түркі елдердерінің тарихы мен мәдениеті туралы өз ойларын білдіріп, пікірталас ұйымдастырды.