Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Жел 24

Көңілді Рождество!: ақпараттық сағат

Рождество көптеген әлем елдерінде қыстың ең басты мерекесі болып табылады. Батыс елдерінде бұл мерекеге алуан түрлі ойыншықтармен әсем шырша безендіріліп, рождестволық дастархан жайылып, ән орындалады.

Кітапхананың шетел әдебиеті бөлімінің қызметкерлері Америка сөресі аясында 24 желтоқсанда Технологиялық колледж студенттеріне «Көңілді Рождество!» атты ақпараттық сағат ұйымдастырды.

Мерекелік іс-шара басында жүргізушілер мейрамның басты атрибуттарын ағылшын тілінде атап, таныстырды. Кейін бұл сөздерді қатысушылар «Бинго», «Рождестволық сөздер» деген ойындарда қолдана алды. «Ассоциация» сайысында шараға келген қонақтар Рождество мейрамына тән сөздерді үш тілде жазса, «Рождестволық пазлдар» атты ойында бөлшектерден толыққанды суретті жылдам құрастыруда шеберлік танытты.

Іс-шара барысында Рождество мейрамының тарихы, рождестволық атрибуттардың: рождестволық шырша, рождестволық күркетауық, карамельді таяқша, рождестволық ашық хаттың шығу тарихы туралы ағылшын тіліндегі «Merry Christmas» деп аталатын бейнепрезентацияны тамашалады.

Шара соңында 16 ғасырда пайда болған рождестволық әнұранға айналған «I wish you a Merry Christmas» әні орындалды.