Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Жел 26

Жастықтың оты жалындап: әдеби-музыкалық кеш

Бүгін Абай атындағы кітапхана Қазақстан Жазушылар одағы Семей филиалымен бірлесіп, «Шабыт»  жас ақындар клубының аясында «Жастықтың оты жалындап» тақырыбында әдеби-музыкалық кеш өткізіп, Жастар жылын қорытындылады.

Поэзия сүйер қауымның әдебиетке деген құмарлығын оятуға бағытталған шараға «Абай әлемі» кітаптар топтамасы аясында жарық көрген «Жастықтың оты жалындап» атты жинаққа өлең-жырлары енген жас ақындар қатысты. «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Мерей Қарт, халықаралық фестиваль, байқаулардың лауреаты Бауыржан Игілік және түрлі республикалық фестивальдердің лауреаты атанып жүрген жас ақындар Жақсылық Асқарбек, Темірлан Темірбай, Ермұхамед Мұратұлы, Қуатбайтегі Байқуат, Ерасыл Сәрсенбаев  өздерінің туындыларын нақышына келтіре оқыды.

Шара барысында оқырмандар жас ақындармен кездесіп, авторлармен еркін кеңесті. Жас ақындар өлеңдерін оқып, сөздеріне жазылған әндерді орындап, қатысушылармен сыр-сұхбат өрбітті.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанынан құрылған Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің тәрбиеленушілері,  М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері жас ақындардың поэзиясынан сусындап, өлең өлкесіндегі Отан-Анаға, ел мен жерге, төл тілімізге деген сүйіспеншіліктерін, сезімге толы өлең-жырларын тыңдап рухани азық алды. Кітап көрмесін тамашалап, жас ақындардың өлеңдерімен танысты. Кеш барысында көрсетілген слайд көрсетілімі шараның мазмұнын толықтыра түсті.

Қазақ поэзиясының бүгінгі келбетін айшықтап, поэзия жанрына мән беріп, түрлі тақырыптарда қалам тартып жүрген жас ақындар өлеңдерінің жарыққа шығуы олардың мерейін үстем етіп, шабыттарын  шыңдай түсті. Аталмыш шара жастарымыздың әдеби-мәдени дамуына елеулі үлес қосып, поэзияға деген құлшыныстарын арттырды.