Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Ақп 07

«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды, поэзиялық кеш

7 ақпан күні Абай атындағы кітапхана және жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды, поэзиялық кеш өтті.

Мәдени шараның шымылдығын Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның әншісі Бақытжан Түктібаев «Арыз жазып кетейін» атты әнімен ашты.

М. Мақатаев – қазақтың лирик ақыны. Ақын өлеңдеріне 100-ден астам әндер жазылды. Бұл әндер бүгінде барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналған.

Шара барысында кітапхана қызметкерлері ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты ақпараттар беріп өтті.

Жас ақындар, өлеңге құмар студент жастар және қаламыздың № 17 орта мектеп оқушысы Аразалинова Дильяра «Есіме мені алғайсың» әнін орындап, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері ақын өлеңдерінен үзінділер оқыса, М.Төлебаев атындағы музыкалық колледж студенті Бейсенбай Нұрислам «Мұқағалиға арнау» атты өзінің жыр жолдарын жолдады.

Сонымен қатар, қатысушылар «Мұқағали туралы қызықты 9 дерек» тақырыбына түсірілген бейне көрсетілімді тамашалады.

Семейлік жас ақын Игілік Бауыржанның орындауында М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Табылды Досымовтың «Ұнатамын мен сені» өлеңімен тамаша кештің шымылдығы жабылды.

Шара соңында қатысушылардың назарына кітап қорындағы ақынның кітаптары мен мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған мақалалардан «Бүгін менің туған күнім…» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалынды. Көрмеге ақынның шығармалар жинағы, мерзімді басылым беттеріне жарияланған тың ақпараттар мен мәліметтер қойылды. Қатысушылар ақынның өлеңдер жинағына аса қызығушылық танытты.

Кітапхана ұжымы «Мұзбалақ ақынның» соңынан ерген балауса ақындарға қарымды қадам, жарқын болашақ тілейді!