Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Ақп 21

Абай мұрасы халық қазынасы: кең көлемді кітап көрмесі

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы Семей мемлекеттік медицина университетімен бірлесіп, Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында бес бөлімнен тұратын, суреттермен көмкерілген кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды. Шараға «Абай» журналының редакторы М.Оспанов, Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайының ғылыми қызметкері А.Қажыбай, Абай атындағы кітапханасы директорының орынбасары М.Г. Аязбаева  және студенттер қатысты. Іс шара университет жанындағы «Абайтану» ұйымының тәрбиеленушілерінің ақын өлеңдерін нақышына келтіре орындауларынан басталды.

Ұсынылған әдебиеттердің бірінші бөлімінде Ұлы ақынның өмір жолы мен ақынның шығармашылығын зертеушілердің еңбектері, «Абайдың музыкалық мұрасы бөлімінде» қазақ халық музыкасын жинаушы А.Затаевичтің, композиторлар Б.Ерзаковичтың, Л.Хамидидің, А.Жұбановтың және жерлесіміз А. Ахметжановтың Абайға арналған төрт бөлімнен тұратын зерттеу еңбектері орналастырылды. Бұл бөлімде Ақын өлеңдерінің 1925 жылдан бастап нотаға түсіріліп, бүгінгі күнге дейінгі музыкалық мұрасының зерттелу жолдарын айшықтайтын әдебиеттер топтастырылды.

1887 жылы Ростов жерінен жераударылушы, әуесқой суретші П.Лабановскийдің Абайдың өз бейнесін көріп отырып қарындашпен  салған суреті «Абай әлемі бейнелеу өнерінде» бөлімінің мазмұнын аша түсіп, Ә.Қастеевтың, Л.Леоновтың, Георгий және Анна Аткниндердің, Н.Өтепбаевтың туындыларымен толықтырылды.

«Тас мүсіндегі Абай» бөлімі еліміздің монументальды скульптура дамуының жарқын көрінісі болып табылатын Х.Е.Наурызбаевтың,  1960 жылы Алматы қаласында қойылған ескерткішінен бастап, еліміздің және алыс, жақын шет елдерде орналастырылған Бас ақынға арналған ескерткіштері туралы сыр шертті.

Көрмені «Абай әлемі» сериясынының 2018-2019 жылғы шыққан топтамалары толықтырып, шығыс қазақстандық жазушылар мен ақындардың туындылары мен өнер өлкесінде өзіндік қолтаңба салған жас ақындардың шығармалары аяқтап, кітапханашы әр бөлімге тоқталып шолу жасады.

Шара барысында Семей медицина  университеті басқарма Төрағасы – Ректор, медицина ғылымдарының докторы Е.Т.Жүнісов Семей медицина Университетінің ғалым мамандары мен студенттері «Абай ғалым, философиялық онтропология, психоаналитика саласын зерттеген ғалым» деген тақырыпта ғұлама ақынның басқа қырынан іздеп, зерттеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

«Абай» журналының редакторы М.Оспанов Абайды зерттеп, зерделеп оқыған сайын, тұңғиыққа жетелейтін терең шығармаларынан, Ұлы ақынның адами қасиеттерінен мазмұнды мағлұматтар берді.

Абай атындағы кітапханасы директорының орынбасары М.Г. Аязбаева кітапхана тарихына тоқталып, қорымыздағы Абай оқыған, Абайдың қайраткерлік тұлғасын ашып көрсететін басылымдар туралы ақпараттармен бөлісті.