Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Ақп 25

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған: әдеби сағат

25 ақпан күні Шығыс Қазақстан облыстық  Абай атындағы әмбебап кітапхананың қызметкерлері Шығыс Қазақстан технология колледжі кітапханасы және студенттерімен бірге Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» атты әдеби сағат өткізді.

Шара барысында аталмыш оқу орынның кітапханашысы қазақтың біртуар данышпан ақын, ойшыл, дана ғұламаларының бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының өмір жолы шығармаларымен таныстырды. 13 ОП студеттері Ұлы ақынның өлеңдерін үш тілде жатқа айтып,  қара сөздерін оқып ой-пікірлерімен бөлісті.

Абай атындағы кітапхананың қызметкерлері Кенжебекұлы Қуандық және Серікхан Рауан Абай өзі оқырманы болған, кітап сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген мәдениет ошағының шаңырақ көтергеніне ғасырдан артық уақыт өткені туралы мағлұмат беріп, қатысушылар назарына кітапхананың сирек қорында сақталған құнды кітаптар және жалпы кітапхана жайлы қызықты видео көрсетілім ұсынды.

Әдеби сағат Қуандық Кенжебекұлының студенттерге арналған сұрақтарымен жалғасты. Әрбір қойылған сұраққа колледж студенттері мүдірместен жауап берді. Сонымен қатар, Абайдың ән өнері, оқыған Батыс әдебиеті және аудармалары тақырыбында қатысушылармен пікір алмасып, Абайдың  «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындаса, Серікхан Рауан Абай өлеңдерінен студент жастарға түрлі мысалдар  келтірді.

Шара соңы «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» атты кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерге шолу жасаумен аяқталды.