Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Ақп 27

«Абай сөзі – халықтың бойтұмары»: Ақтөбе облысы, №1 Абай атындағы қалалық кітапханасымен онлайн-кездесу

27 ақпан күні Абай атындағы кітапханада «Абай сөзі – халықтың бойтұмары!» атты Ақтөбе облысы, №1 Абай атындағы қалалық кітапхана әріптестері және оқырмандарымен онлайн-кездесу өтті.

Онлайн-кездесуде Абай атындағы кітапхана қорынан Абай оқыған кітаптарға және ақын өзі оқырманы болған кітапхананың тарихына, оның мұраларына, орыс және шетел ақындары мен жазушыларының аудармаларына ерекше назар аударылды. Қатысушылар қызығушылығын біздің сирек қорда сақталған қазыналы кітаптар оятты. Сөзіміздің дәлелі ретінде Ақтөбелік қауымға біздің кітапхана тарихы жайлы, оның қорындағы алғашқы кітаптар және сол заманда өмір сүрген ынталы оқырмандар жайлы видеокөрсетілім ұсынылды.

Өз кезегінде Ақтөбе облысы №1 Абай атындағы қалалық кітапханасы жиылған оқырмандарға  «Әлемге танылған Абай» атты кітап көрмесін ұсынып, “Абайдың поэтикалық сөзі” атты әдеби клуб мүшесі, жас ақын Ақылбек Әбдіжәміл өзінің арнау өлеңін оқыды. Қ.Жұбанов университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Сақыпжамал Жаянқызы Абай шығармашылығының ұрпақ тәрбиесіне маңызы зор екенін айтты.

Біздің тараптан Абай әндері төңірегінде сөз қозғалды. Абай әндерінің әуезділігі және алғаш 1922 жылдары нотаға түсірілгені, осы уақытқа дейін бояу өзгермей толық жеткені жайлы айтылды. Абай атындағы кітапхана қызметкері Қуандық Кенжебекұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап берді.

Сөз кезегін алған Ақтөбелік кітап сүйер қауым қонаққа келген №39 мектеп оқушыларының оқыған  Абай өлеңдерін тыңдап, хормен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады, артынша жас домбырашылар «Келіншек» күйін тартты.

Шара соңында Абай атындағы кітапхана қызметкері Айман Майкенова отандық және басқада қылқалам шеберлерінің Абай бейнесін салған туындылары жайында қызықты ақпарат берсе, әріптесіміз Анар Оспанова «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?!» өлеңін мәнерлеп оқып берді. Сөз түйінін Қуандық Кенжебекұлы өзінің Абайға арналған өлеңімен аятады.