Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Нау 13

Қайран өмір күннен күнге тамаша…(«Абай әлемі» жобасы бойынша жарық көрген Қ.Алтынбаевтың кітабы бойынша): кітап таныстырылымы

2020 жылдың 12 наурыз  күні Абай атындағы кітапханада Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің студенттерімен «Қайран өмір күннен күнге тамаша…» атты «Абай әлемі» жобасы бойынша жарық көрген Қ.Алтынбаевтың кітабының таныстырылымы және жалпы ақын шығармашылығын насихаттау жиыны  өтті.

Шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ақын, Қ.Алтынбаевтың шәкірті Дәметкен Омарбайқызы, филология ғылымдарының кандидаты Талғат Болатұлы, филология ғылымдарының кандидаты Құралай Тоқтарқызы және Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің студенттерімен Халықтық ақындар орталығының шәкірттері қатысты.

Жиын ақын өмірінен сыр шертетін көзкөргендердің естеліктерінен құралған бейнекөрсетіліммен ашылды. Әрі қарай сөз Қ.Алтынбаевтың өмір шығармашылығын зерттеп, «Қалихан Алтынбаевтың әдеби мұрасы» атты ғылыми еңбек жазған, «Абай әлемі» жобасы бойынша жарық көрген кітабын

құрастырған филология ғылымдарының кандидаты Құралай Тоқтарқызына сөз кезегі ұсынылды. Қ.Тоқтарқызы ақынның өмірі мен өлеңі жайлы, жалпы шығармашылығы мен атқарған қызметі, ұлт мүддесіне сіңірген еңбегі жайлы баяндама жасап, арнайы слайд ұсынды.

Шараның сәні  Қ.Алтынбаевтың шәкірті Дәметкен Омарбайқызының айтқан шынайы естеліктерімен кірді. Сол замандағы айтыс, ақынмен замандас өнер майталмандары, сол кездердегі өнердің құндылығы жайлы сыр шертті.

Келесі сөз ф.ғ.к. Талғат Болатұлына ұсынылып, Қалихан мұрасының өте бай екенін айта келе болашақта шараға қатысып отырған студент жастарғада ғылыми жұмысқа тақырып етуге ақын қорының жеткілікті екенін тілге тиек етті.

Іс-шара Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің студенттерінің жалындата оқыған ақынның жауһар жырларымен жалғасын тауып, Халықтық ақындар орталығының шәкірті, облыстық, аймақтық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері Қуаныш Еркінұлының өрелі өлеңімен аяқталды.