Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Мам 17

15 мамыр халықаралық отбасы күні: тікелей эфир

Абай атындағы кітапхана қызметкерлері 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні мерекесіне орай әнші, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Салықов пен әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Клара Төленбаевалармен онлайн кездесу өткізді.

Тікелей эфир барысында өнерлі отбасы өздерінің өнерге қалай келгендері жайында, шығармашылықтары, бақытты отбасын құру, бала тәрбиесі жайында ой қозғады. Өнерлі отбасы қазіргі кездегі елдегі жағдайға байланысты өзін-өзі оқшаулау кезінде Дәулеткерей Кәпұлы бастаған дәрігерлерге арналған «Ақ қанатты періштедей ақ халатты абзал жандар” атты жыр челенджіне қатысқандары, онлайн-концерт беріп, шығармашылықпен айналысып жатқандары, қыздарын өнер жолына қалай баулып жатқандары жайында ойларымен бөлісті.

Медет Салықов ән жазу барысындағы шығармашылық ізденістері туралы, еліміздегі танымал ақындар Қ. Сарин, А. Елгезек, С. Дүйсенғазиндермен шығармашылық байланыста болып, лирикалық бағытта әуендер жазуға көп көңіл бөлетінін жеткізді.

Онлайн эфир барысында әншілер «Қос жүрек», «Жібек сезім» әндерін орындап, оқырмандар тарапынан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

Сенім. Сезім. Сыйластық барда, үлгілі отбасын құруға толық негіз бар екенін көрсеткен өнерлі отбасымен болған сұхбат қатысушыларға үлгі-өнеге болды. Орыс оқымыстысы Лев Толстой айтқан екен, ең бақытты адам – жанұяда бақытты адам. Жанұяның бақытын сақтап қалу  – ондағы әрбір отбасы мүшесінің міндеті.