Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Мам 28

Қазақ вальсінің королі: тікелей эфир

2020 жылдың 27 мамырында ШҚО Абай атындағы кітапханасының @semeybib инстаграм парақшасында ҚР Мәдениет саласының үздігі, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы, Халықаралық Шәмші Қалдаяқов атындағы әншілер байқауының жүлдегері, Халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің дипломанты Ноғайбаева Гүлдана Рахымбекқызымен «Қазақ вальсінің королі» тақырыбында онлайн жүздесу өткізді.

Кездесу барысында Гүлдана ханым Шәмші Қалдаяқов жайлы көптеген мәліметтермен бөлісті. Шәмші әндерінің әуезділігі мен өміршеңдігі осы күнге дейін өз бояуын жоғалтпай келе жатқанын, бұқара халықтың жадында жаңғырған ән әлі күн сол қалпында сақтаулы екенін мәлімдеді.

Шығыстың шынарына айналған әнші өз жетістіктерінің ішінде ең ардақтысы және ең алғашқыларының бірі осы Халықаралық Шәмші Қалдаяқов атындағы әншілер байқауының жүлдесі екенін мақтанышпен жеткізді. Бұл байқау әнші үшін ән мен өнер әлеміндегі алғашқы үлкен баспалдақ екенін де тілге тиек етті. Дода барысында болған қызықты жайттарды еске алып, қазылар алқасының сұрауы бойынша «Ақмаңдайлым» әнін екі айналымда да орындағанын және осы ән жетістікке жеткізгенін естелік ретінде бөлісті.

Өзінің өнерлі отбасынан шыққанын, қазіргі таңда уақыт ыңғайы келсе шәкірт дайындаумен айналысатынын айтқан әншінің өзі де ұстаздарынан алған тәлім тәрбиесін өнерімен өмір жолына айнымас қағида етіп ұстанып келе жатқанын берген сұхбатынан аңғардық.

Кездесу барысында қатысушылардың қойған сұрақтарынан шынайы жауап беріп, қасиетті қара домбырамен әуелете ән шырқап, желідегі жұрттың көңілін көктемнің күнінде көктеңіздей бір шалқытты.

Қатысушылар мен көрермендер алғыстарын білдіріп, тамаша көңіл-күй сыйлаған әншіге шығармашылық табыс тілеп ағынан жарылып жатты.

Бізде эфирімізге алтын уақытын бөліп, алтынан қымбат естелігімен бөліскен өнер ардақтысына ақ тілегімізді айтып, желідегі жүздесуімізді аяқтадық.