Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Шіл 03

Абайтану ғылымы және Абай журналы: тікелей эфир

Шілденің 2-ші жұлдызында Абай атындағы кітапхана белгілі ақын, абайтанушы, республикалық «Абай» журналының бас редакторы Мұратбек Қабиденұлы Оспановпен «Абайтану ғылымы және Абай журналы» тақырыбында Фейсбук желісі арқылы тікелей эфир өткізді.

Эфирдің басында ақын абайтану ғылымының тарихына тоқталып, Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны Абай» атты мақаласын ғылыми тұрғыдағы, әдеби нормаға сай жазылған тұңғыш мақала екенін атап айтты. Абайтану ғылымын М.Әуезовке дейінгі және кейінгі деп екі кезеңге бөліп қарастырғандығына тоқталды. «Абай» журналының осы күнге дейінгі 142 саны жарық көрсе, соның барлығы дерлік Абай ілімі, оның «толық адам» негізі жайлы рухани дүниелер екендігіне басты назар аударды. С.Торайғыров, І.Жансүгіров сынды Алаш арыстарының Абайға арнау өлеңдермен баға бергендігі жайлы, сондай-ақ Абай Құнанбаевтың өмірбаянының өзін М.Әуезов 4-рет толықтырып жазғаны жайлы айтып, маңызды ақпарат берді. Эфир барысы оқырмандар тарапынан қойылған 1979 жылы Абай елінен табылған Абай шығармаларын жазған Әміржан Аянбаевтың қолжазбасы, ұлы ақын ескерткіштерінің шығу тарихы жайлы сұрақтармен ұласып, оқырмандар маңызды жауаптар алды. Тікелей эфирге қатысушылар абайтанушы Мұратбек Қабиденұлына алғыстарын жазып, ризашылықтарын білдірді. Сөз соңында ақын оқырман қауым мен кітапхана ұжымына үлкен алғысын айтып, шығармашылық табыс тіледі.