Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Шіл 01

Киелі аспап: тікелей эфир

2020 жылдың 1 шілдесінде Абай атындағы кітапханасының ұйымдастыруымен @semeybib инстаграм парақшасының тікелей эфирінде Әміре Қашаубаев атындағы Мемлекеттік филармонияның әншісі, республикалық, халықаралық ән байқауларының жүлдегері Түктібаев Бақытжан Шоқанұлымен «Киелі аспап» атты домбыра күніне арналған арнайы сұхбат өткізді.

Әңгімесінің басын «мен өзі көп сөзге жоқпын» деп бастаған әнші, қолына алған киелі қара домбырасына деген махаббаттың сонау балалық шақтан басталғанын, өзінен жасы үлкен ағасының аспабын алып, өзі жоқта ән шырқайтынын айтып балдырған шағын еске алды.

Сол бала кезде туған өнерге деген махаббат Бақытжан әншіні қазіргі үлкен сахнаға дейін жетелеп әкелгенін де тілге тиек етті. Өнерге деген сүйіспеншілік ерте жастан туындасада, өмір жолы әншіні кәсіби әншілікке қатарластарынан сәл кешіктіріп әкелгенін, осы жолда алғашқы ұстазы жиын-тойдан көріп жас жігіттің өнеріне тәнті болып оқуға шақырған Тұрсынғазы Рахимов болғанын аңқылдаған серінің сөзінен аңғардық.

Әңгімесінің шырайын әнмен әрлеуге қамданған қонағымыз тақырып аясын кеңіту мақсатында киелі аспап домбыра жайлы Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Тұрсынғазы ұстазының «Дариға, домбырамды берші маған» әнін шырқап берді.

Дәстүрлі ән өкілдерінің көшін жалғаған – Бақытжан кез-келген домбыра сүйер адамға өзіне қолайлы етіп жасалған жеке аспабы болуы керек дейді. Осы орайда өзінің биылғы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерей тойында ән шырқауға дайындатқан домбырасын эфир тамашалаушы оқырман назарына ұсынды. Бұл домбыра жерлесіміз Төлеуғазы Ахатұлының туындысы екенін білдік.

Байланыстың шарықтау шегінде әнші, қандай шеберлермен байланыс жасайтынын, домыраның қандай түрлері болатынын, әнші домбырасы мен күйші домбырасының айырмасын оқырмандарымызға жақсылап түсіндіріп берді.

Эфирдің соңында қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, ықыласына бөленіп, тамаша кеш ұсынған Бақытжан Шоқанұлы өзінің тыңдармандарын әуелеген әнмен тербеді. Өнерпазға өріс тілеп бізде сұхбатымызды аяқтадық.