Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Шіл 10

Абай және ислам өркениеті: тікелей эфир

2020 жылы шілде айының 9-ші жұлдызында Абай атындағы кітапхана Алматы қаласындағы М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының жетекші, ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., доцент Төрәлі Қыдырмен «Абай және ислам өркениеті» тақырыбында әлеуметтік Facebook желісі арқылы тікелей эфир өткізді. Эфир қонағы Т. Қыдыр желі қолданушыларымен қауышқанына өз ырзашылығын білдіріп, қазіргі ахуалға тоқтала отырып, басты тақырыпқа көшті. Ол дәріс барысын биыл президентіміз Қ. Тоқаевтың бастамасымен «Абай жылы» деп жарияланғандығын айта отырып «Осы жылы үш атаулы үлкен мерейтой; Ұлы Абайдың 175 жылдығы, ғұлама әль-Фарабиге 1150 жыл және Алтын Ордаға 750 жыл» дей келе, ел ішіндегі жағдайға байланысты кейінге ысырылып жатқандығына, бастысы бұл індеттің жақсылықпен бітуіне ниет білдірді. «Абай және ислам өркениеті» дегенде ғалымдардардың Абай және Шығыс деген тақырып төңірегінде сөз қозғағандығын, ол қай Шығыс? деген сауалға тоқталды. Шығыстың мәдениет және өркениет жағынан бірнеше қатпардан тұратындығына тоқталып, «Абайды сонау Қиыр Шығыспен  байланыстыру келіңкіремейді» деп, Абай ілімін Шығыс мұсылман әлемімен соның ішінде араб, парсы ғылымымен байланыстырды. Абайдың алғаш жазған «Физули, Шамси, Сағди» деп басталатын өлеңінің өзі осы араб, парсыға жақындығын көрсететіндігін, дәлелді айғақ қыла отырып, Физули, Шамси, Сағди есімдеріне терең түрде жекелеме тоқталды. Ислам әдебиетінің басты ерекшелігі кемелдік яғни толысу. Адамның ішкі жандүниесіне үңілу. Бұл орта ғасырда өте көп жырланған, Абайда: «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» өлеңінде руханиятта қолданылуын, жүрек тазалығымен байланыстырып жан-жақты талдады. Төрәлі Қыдыр «Абай мен ислам өркениетін байланыстырушы Абайдың қара сөздері» дей келе, аталмыш тақырыпты аша түсу үшін Абайдың 38-ші қара сөзіне тоқталып, пәлсапалық тұрғыда талдай келе, «Абайды ислам өркениетімен тығыз байланыстырып тұрған «Ескендір» поэмасы» деді. Абай жырлаған Ескендірдің құранда да аталатынын, кей ғалымдардың Ескендірді тарихтағы Александр Македонский деп шатастырып тануларын, оны тек Абайдың «Әлемде екі Ескендір болыпты-мыс, Екеуі толған айдай толыпты-мыс» деп ажырата алғандығы туралы тың ақпарат берді. Абайдың  Қасиетті Құран мен шынайы Хадистерді басшылыққа ала отырып, ғұмыр кешкеніне, өзі жинақтаған ілімін кейінгілерге ұлағат етіп қалдыруға тырысқан даналы жайында сөз етті. «Абайды Шығыс мұсылман әлемі, Орта ғасырлық түркі жазба әдебиеті, соның ішінде кемелдік аясында қарастырса көп нәрсе ашылар еді» деп өз ойын білдіре отырып, эфирге қатысушы желі қолданушылардың сауалдарына жауап беріп, әлі де өз тыңдаушы оқырмандарымен жүздесетіндігін жеткізді.