Біздің байланыс телефонымыз: 8 (7222) 52 04 94 · semeybib@yandex.kz
Жаңалықтар
Шіл 27

Абай шығармаларындағы жастар тәрбиесі: тікелей эфир

24 шілде күні Ұлы Абайдың 175-жылдық мерейтойы қарсаңында Абай атындағы кітапхана қызметкерлері «Абай шығармаларындағы жастар тірбиесі» деген тақырып төңірегінде Instagram әлеуметтік желісінде Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің журналисті, тарихшы Нұғманбекова Раушанмен тікелей эфир өткізді.

Тікелей эфир барысында Ұлы Абайдың шығармашылығы туралы қызықты ақпараттар беріліп, Абай өлеңдерінің ішінде өскелең ұрпаққа рухани, тәрбиелік мәні бар өлеңдерге басты назар аударылды. Абайдың қай өлеңін, қай қара сөзін алсақ та, астарлы ойы мен идеясынан адамгершілікке тән асыл қасиеттерді бойына дарыту, адами рухты сіңіріп өсу керек деген ойды аңғартады. Эфир жүргізушісі «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…» өлеңінен үзінді оқып, бұл өлеңде ақын ел болашағы жастарға үндеу жасағанын атап өтті. Ұлы ақын өз шығармаларында жастарды ғылыммен белсене айналысуға үндеді.

Тікелей эфир барысында жүргізуші Абай шығармашылығындағы отбасылық тәрбие тақырыбына да тоқталып өтті. Абайдың пайымдауында адамның бойындағы барша ізгіліктің басы отбасынан басталады. Абай өлеңдерінде өмірге келген адамды адалдыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке апарар жол ата-ананың тәрбиесінен тамыр тартады деген ой айқын аңғарылады.

Эфир барысында Раушан Кабжанқызы Абай өлеңдерінен үзінділер оқып, «Қара сөздеріндегі» жастарға қажетті ақыл-кеңестерді атап өтіп, Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтпағанын, Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алатынын айтты.