Жолсапарға, кітап ал!: акция

20.04.17

20-шы сәуір күні сағат 15:00-де Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні мерекесіне орай, тағы да бір креативті бастаманы қолға алып, Семей қаласының Автобекетінде «Жолсапарға кітап ал!» акциясын өткізді. Шараның мақсаты: елімізде оқу мәдениетін дамыту, жолаушы қауымның рухани байлығын молайтып, кітаптың қолдан қолға беріліп, өмірінің ұзартылуына, жол қысқартып, сапарларының мазмұнды өтуіне жағдай жасау.

Аталмыш шара Семей қаласының автобекетінде алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл акцияны өткізу «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясын ұйымдастырғаннан кейін мүмкін болды. Акцияға ұсынылатын кітаптар орыс және қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер, нәтижесінде жолаушыларға жиыны 1000 данадан астам кітап сыйға берілді.

Шара барысында жолаушылар өздері ұнатқан кітапты таңдап, тегін алды. Акцияға ұсынылатын әрбір кітапқа кітапхананың логотипі жабыстырылып, сәт сапар тілегімен жарнамалық буклеттер, бетбелгілер салынды. Жолсапарға шыққалы отырған жолаушылар Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні, акция туралы және кітапханамыздың тарихы мен пайдаланушыларға көрсететін қызметтер туралы мол мағлұмат алды.

Біздің логотипімізбен сыйға берілген кітаптар Қазақстанның көптеген қалалары мен аудандарын, елді мекендерін аралап, өз оқырманын табатынына сеніміміз мол. Тәуелсіз елді өркениетті әлемге танытатын – рухани бай, әрі мәдениетті қоғам. Бұл ретте ғылым да, білім де кітапта. Сондықтан, көркем әдебиетті насихаттап, оқырмандар қатарын арттыруға бағытталған мұндай шара қаламызда әлі де жалғасын таппақ. Шараның өз мәнінде өтуіне ат салысқан автобекет ұжымына алғысымызды айтамыз, ал жолаушыларға сәт-сапар тілейміз!