g7Серікқазы Бекбосынов 1925 жылы 21 қыркүйекте Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Абай ауданы Қызыл-Орда селосында дүниеге келген. Орталау мектепті бітірген. Совхозда жұмыс істеген. 1943 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Ұлы Отан соғысына 1943 жыдың ақпан айынан қатысқан. Әуе-десант бөлімшесінде оқығаннан кейін комсомолец Бекбосынов –  99-гвардиялық атқыштар дивизиясының 330- гвардиялық атқыштар полкының атқышы, гвардия қызыләскері атанды.

1944 жылдың маусымының басында 37-гвардиялық атқыштар корпусы құрамында Карель майданына келді. Карелия майданының Свирь-Петрозаводск операциясы 1944 жылы 21 маусымда 7- армияның Свирь өзеніне шабуыл жасауымен басталды.  Үш сағатқа созылған авиациялық және артиллериялық әзірліктен кейін, 37- гвардиялық атқыштар корпусының 16 комсомол-гвардияшылары (99-гвардиялық атқыштар дивизиясының 300-гвардиялық атқыштар полкының 12 жауынгері және 98-гвардиялық атқыштар дивизиясының 296-гвардиялық атқыштар полкының)  4 жауынгері бірінші болып өзеннен өтті. Сағат онбірде он алты жауынгер алдын ала совет жауынгерлерінің формасымен әзірленген тұлып-қарақшылар  орнатылған салдар мен қайықтарға ұмтылды.  Жауынгер-гвардияшылар өз салдары мен қайықтарын қарсы жағалауға қарай итермеледі. Бұл өзеннен өтудің жалған көрінісі еді, ондағы мақсат – жаудың отты нүктелерін анықтап, жою.   Гвардияшылардың үздік әскери дайындығы олардың әскери тапсыманы сәтті орындауына көмегін тигізді: барлық қайықтар мен салдар өзен ортасына жетпей жау артиллериясының оғынан жойылып кетті. Бекбосынов және оның достары жау жағындағы жағалауға жүзіп өтті, ешкім де жараланған жоқ…

Жағалауға шыққаннан кейін Бекбосынов шұңқырдың бірінен орын тепті. Көп кешікпей оған басқа гвардияшылар қосылды. Бекбосынов пен Юносов біраз барлаудан кейін жағалау траншеясына жетіп, қарсыласқан фашистерге граната мен автомат оғын жаудырды.

Гвардияшылар алдында тұрған әскери тапсырма сәтті орындалды. Өзіне жау оғын қабылдаған батыл да ержүрек жауынгерлер ерлігі, жаудың отты нүктелерін жоюға көмегін тигізді. Соның арқасында біздің шабуылдаушы топтар Свирьді тез арада басып алды.

1944 жылы 21 шілдеде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен ұрыста әскери тапсырманы үздік орындап, ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен гвардия қызыл әскері  Бекбосынов Серікқазыға Кеңес Одағының батыры атағы берілді, Ленин ордені және “Қызыл Жұлдыз” медалімен (№ 4094) марапатталды. С. Бекбосынов Кеңес Одағының Батыры, 7-Карелия майданы, 99-гвардиялық атқыштар дивизиясының 330-гвардиялық атқыштар полкының атқышы, гвардия қызыләскері. С.Бекбосынов 37- гвардиялық корпус құрамында Чехословакия, Венгрия, Австрияны жаудан азат етуге қатысты. 1947 жылы ержүрек жауынгер аға сержант атағымен запасқа шықты. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Жоғары Тайнты селосында өмір сүріп, еңбек етті. 1977 жылы 22 наурызда қайтыс болды. Сонда жерленген.  Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Әдебиеттер:

1.Айсанов Ж. Байырбеков:   (Серікқазы Бекбосынов) // Семей таңы. – 1989. – 18 ақпан. – Б.3

2.Кеңес Одағының батырлары – шығысқазақстандықтар = Герои Советского Союза – восточноказахстанцы: мағлұматнама. – Өскемен: ШҚМУ, 2005. – Б. 132

3.Қуанышев У. Бір ауылдың батырлары: Абай ауданынан шыққан батырлар Жанғазы Молдағалиев, Закария Белібаев, Серікқазы Бекбосыновтар туралы // Семей таңы. – 1994. – 11 мамыр. – Б.3

4.Отан батырларын мадақтайды. Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.35

5.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.260