Абай оқыған кітаптар

img421883 жылы Ертіс жағынан орын тепкен Семей қаласының орталығынан тұңғыш жаңа кітапхана ашылды. Оны ұйымдастырушылар Абайдың досы орыстың саяси жер аударылып келген интеллигенттері – Е. П. Михаэлис бастаған А. А. Лентьев, Н. И. Долгополов, П. Д. Лобановский, Северин, С. С. Гросс тәрізді саяси жер аударушылар еді. Семей өңірінде ашылған тұңғыш кітапхананың өмірге келуі Абай есімімен тығыз байланысты. Өйткені бұл кітапханада Абай түнге дейін отырады екен. Михаэлис пен Абай ең алғаш осы кітапханада кездеседі. Абай кітапханаға келіп «Л. Н. Толстойдың бір шығармасын сұрайды. Ол кітап Е. Михаэлистің қолында, енді ғана өткізуге кезекте тұрған Абайдың сұрағанын көріп, Михаэлис қолындағы кітабын ақынға береді. Екі данышпанның кездесуі осылай мәңгі достыққа айналды. Михаэлисен кездесу Абайдың өмірге, дүниеге көзқарасын шыңдай түседі.

Абай: «Менің көзімді дүниеге ашқан Михаэлис» – деп оны аузынан тастамаған. Абай нәр алған үшінші бұлақ – орыс мәдениеті. Орыс мәдениеті арқылы қол жеткізген батыс елдері мәдениеті Абай осы Михаэлистің ұсынысы бойынша оған дейінгісіндей қолына түскен кітаптарды емес, көркем әдебиет, сын, философия, табиғат ғалымдары, әр алуан тарихтық кітаптарды таңдап, талғап, жоспармен оқитын болған. Сол кездерден бастап Абай белгілі абайтанушылар зерттеулеріне қарағанда, орыстың атақты ақын жазушыларынан: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Некрасов; сыншыл ойшыл демократтардан: Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов; Европа ақындарынан: Гете, Байрон; философтардан: Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сияқты талайларды оқыған.

Әсіресе ақынға үлкен әсер қалдырып, тарих мол дерек берген Американың Нью-Йорк университетінің профессоры Джон Уильям Дрепер болған. Оның сол кездерде орыс тіліне аударылған, Ресейдің жоғары оқу орындарының студенттері оқулық есебінде пайдаланып жүрген «Европаның ақыл-ойының даму тарихы» (1869 ж.) деген екі томдық еңбегі мен «Католицизм мен ғылымның арасындағы қатынас тарихы» (1876 ж.) атты кітабы Петербург университетінің бұрынғы студенті Евгений Петрович Михаэлис арқылы Абайдың қолына түседі. Дәлірек айтқанда, Семей кітапханасында танысып, кейін жақынырақ білісіп, достас адамдардың халіне жеткен адамына – Абайға бұл кітапты оқуға Михаэлистің өзі берген тәрізді. Кейін ұлы ақынның оны есіне алғанда «Дүниеге көзімді ашқан кісі – Михаэлис» дейтіні осыдан.

Бұдан әрине, Абайдың сөзін дұрыс түсіне білу керек, кейбір оқырмандар Абайдың сөзін тура қалпында қабылдап, асыра бағалағандық танытады. Жазушы Мұхтар Әуезов әділ атап көрсеткендей, Михаэлис ең әуелі іздену қалыптасу кезіндегі жол сілтеуші ғана. Ал Абайдың аса зор сүйіспеншілікке толы жоғарыдағы сөзі – оның өзін Дрэпермен табыстырғанына, оның Европаның ғана емес, бүкіл адамзаттың ақыл-ойының даму тарихын сабақтастыра саралап көрсеткен, жер бетіндегі басты дін атаулының тарихына талдау жасай отырып, олардың ғылымға негіз болғанын, кейін діни догма мен ғылым арасындағы күрестің қандай жолдармен дамығанын нақты тарихи еңбектермен ашып, түсіндіріп берген тамаша еңбегін оқу мүмкіндігін туғызғаны даусыз. Өйткені Михаэлис болмаса, Абай Дреперді білмес еді.

Беттер: 1 2