Абай оқыған кітаптар

img42 Абайдың Дреперді оқығанына Әлихан Бөкейхановтан бастап абайтанушылардың бәрі бірдей ден қояды. Соның бірі американдық саяхатшы Джордж Кеннанның «Сібір және жер аударылғандар» (1906 ж.) атты кітабындағы мына бір деректі алға тартады. Дж. Кеннан Семейде сот мекемесінде хатшылық қызмет атқарып жүрген, осы қалаға жер аударылған А. Лентьев деген азаматпен танысады. Ол осы Д. Кеннанның құрметіне арнап, өз үйінде кешкі ас ұйымдастырады. Оған қаладағы саяси жер аударылғандар да шақырылады. Сонда әңгіме үстінде А. Леонтьев Семей кітапханасын пайдалануда жер аударылғандар үшін қиындықтар бар екенін және кітапхананың жергілікті халықтың ақыл-ойын дамытуға зор ықпалы бар екенін, мұнда кітап қорының өте бай екенін айтады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына үзіндіге назар аударайық:

– Кітапхананы, тіпті қырғыздар (қазақтар) да пайдаланады. Мен осында Бокльды, Мильді, Дрэперді оқыған бір қарт қырғызды білемін.
– Шынымен қырғыз ба? – деп, әңгімеге қатыса отырған студент шектен тыс таңғала сұрады.
– Ия, қырғыз, – деді Леонтьев. – Бірінші кездескенімде ол менен индукция мен дедукцияның арасындағы айырмашылықты өзіне түсіндіруді сұрағанда таңданғанымнан талып қала жаздадым. Кейін әңгімелесе келе білдім, ол ағылшын философтарының және жоғарыда мен айтқан авторлардың шығармаларын оқып, зерттеп жүр екен.
– Сіз сонда ол солардың бәрін түсінеді деп ойлайсыз ба? – деп сұрады сенімсіздікпен студент тағы да.
– Мен оны тесеру үшін, Дрэпердің «Европаның ақыл-ойының даму тарихы» атты кітабының төңірегінде екі кеш бойы әңгімелестім. Сонда оның оқығандарының бәрін түсінетініне көзімді жеткіздім», – деп жауап береді Леонтьев.

Міне, осындай А. Леонтьев әңгіме ғып айтып отырған қырғызы (қазағы) Абай болатын. Абай Леонтьевпен достық қатынаста болған. А. Леонтьевтің өзінен Абай сұраған индукция мен дедукция терминдері Дрэпердің еңбегінде Платон мен Аристотельдің философиялық әдістері жөнінде болатын.
Міне, Абай көне заман ақыл-ойының екі алыбының ғылымында тұтынған жолдарындағы өзіне түсініксіз айырмашылықтың сырын білгісі келген. Осынау шағын детальдің өзі Абай танымының деңгейінің қаншалықты биікте тұрғанын көрсетсе керек.
Жалпы Абай Дрэперді оқуы арқылы дүниеге көзін жаңа ашқан адамдай болады. Оның кітаптарының әр тарауын оқыған сайын, бұрын оқымаған тарихи деректерге ұшырасып, өзінің таным саясын кеңейте түседі.
«Европа ақыл-ойының даму тарихын» оқу арқылы Абай әуелі әлемдегі барлық құбылыстардың бәрі сол заңның тәртібіне тәуелді және оның күші жандыға да, жансызға да бірдей ықпалды екенін таниды.
«Католизм мен ғылымның арасындағы қатынас тарихын» оқи отырып, Абай бүкіл ғылым атаулының бастау негізі дін екенін біледі. Кейін келе дін басыларының топастығы, мақсатты мүдденің тар шеңберінде қалуы дінді догмаға айналдырып, ал әлемнің озық ойлы перзенттерінің парасатты ізденістері жаратылыс заңының қыр-сырын ашып, ғылымды жаңа өрістерге шығарғанын зерделейді.
Міне, жыл өткен сайын Абай есімі кеңінен тарала бастайды. Семейге келген ғалымдар, журналистер, әдебиетшілер Абай Құнанбаевты кеңінен танып біле бастайды. 1992 жылдан бері Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Н. В. Гоголь атындағы кітапхана өз тарихымен тығыз байланысты Абай Құнанбаев есімімен аталады.

Беттер: 1 2