s09       Абай – А.С.Пушкинді, М.Ю.Лермонтов, И.А.Крылов орыс ақындарының шығармаларын шеберлікпен аударып, қазақ әдебиетін жаңа ой орамымен байытты. Қазақ әдебиетінің өркендеуі үшін Абайдың аудармашылық жұмысының зор маңызы болды. 1886 жылдан бастап Абай Пушкин шығармаларын қазақ тіліне аударады. Орыстың классик поэзиясы Абай поэзиясына прогресшіл ықпал жасады. Қазақ мәдениетінің келешекте өркендеуінің кепілі оның тарихи дамуы жолында сенімді жолбасшысы болған орыс мәдениетіне (ол арқылы бүкіл Еуропалық мәдениетке) ең алдымен, оған дейін қазақ халқына мүлде белгісіз орыстың ұлы классиктері қалдырған мұраға Абайдың үміт артуы орасан маңызы бар факт еді. Ерекше дарынды, кемел ойлы Абай жаңа мәдениетті ақыл сарабынан өткізе, өз бойына сіңіре білді. Өзінің идеялық жәнетворчестволық байлығының асылына келгенде, Пушкин сиякты Абай да қалың жұртқа ортақ, анық ұлттық, халықтық ақын.

Абай сол кездегі кертартпа діни-саяси ағымға қарсы, өз халқы мәдени прогреске орыс халқының ұлы мәдениетінен үйрену арқылы жететінін насихаттап, өзі де соны жүзеге асырды. Сол замандағы гуманистік идеяларды кең таратудың қайнар көзі орыс мәдениетінде деп білді. Абай Пушкинді өз бетімен оқып, оның шығармаларын аударды. Сол Пушкин арқылы Батыс Еуропаның басқа да классиктерін танып білді. Орысша аудармалар арқылы ол ежелгі әдебиетпен де танысты.

Қазақ тарихында Пушкиннің мұрасына алғаш айырықша зер салып, өнеге еткен Абай Құнанбаев болды. Ол Пушкинді тек ақын ретінде қызықтаумен тынған жоқ, терең зерттеп ізденуіне тірек етті. Абай Пушкиннің ең таңдаулы туындысы «Евгений Онегинді» аса жоғары бағалады, оның жеке үзінділерін бұдан бір ғасырға таяу уақыт бұрын асқан көркемдік шеберлікпен қазақшалап берді. Абай қазақ тіліне аударып, арнайы ән шығарған «Татья¬на хаты» халық арасында өткен ғасырдың аяқ кезінде өте кең тарап, ең сүйікті өлеңдердің біріне айналуы орыс ақынының ерте кезден-ақ қазақ халқына етене жақын болып кеткенінің айқын дәлелі. Татьянаның тағдырын қыр елі қазақ қызының, әйелінің тағдырына орайлас сезінді. Татьянаның еркіндік сүйгіштігі мен парасаттылығы, сабырлылығы қазақ жастарын да тебірентті. Пушкиннің ұлылығын сол заманда, сол ортада отырып тани, бағалай білгендігі – Абайдың ұлылығының бір жарқын көрінісі.

Абайдың Пушкинмен үндестігі, оны жақын тартуы тегін емес еді. Ол қазақ әдебиетінде өз дәуірінде бір кезде Пушкин орыс әдебиетінде атқарған қызметті атқаруды, сондай жүкті көтеруді мақсат етті. Қазақ қоғамы алдына қойған зор міндетті – жаңа реалистік әдебиетті қалыптастыру ісін Абай тиянақты атқарған болса, оған орыс әдебиетінің асқар алыбы Пушкиннің әдеби мұрасының демеуі тимей қалған жоқ. Тек осының өзі ғана Пушкиннің мұрасы, есімі қазақ әдебиетімен қаншалықты жақын болып кеткендігін айқын көрсетсе керек. Бұған қоса қазақ халқының Пушкинге деген ықыласының көрінісі ретінде «Евгений Онегинді» халық ақындары революциядан бұрын-ақ дастан етіп айтып жүргенін және «Капитан қызының» қазақ тіліне аударылып, 1903 жылы басылып шыққанын атап кеткен жөн. Қазақ әдебиетінің туындысы «Абай жолы» роман-эпопеясында Пушкиннің өнерпаздығы Абай арқылы бүкіл қазақ мәдениетіне тигізген игілікті ықпалы көркем бейнеленген. Мұның өзі Пушкин шығармалары, ұлы ақынның бейнесі Мұхтар Әуезовке де шабыт беріп, оны рухтандырғанын аңғартады. А.С. Пушкиннің аса кесек көркем туындыларының бірі «Евгений Онегин» – шын мағынасында халықтық шығарма болды. Мұндағы басты кейіпкерлер төменгі таптан шыққан адамдар. Бірақ ең маңызды нәрсе – Онегин мен Татьяна, Ленский мен Ольга – осылардың қай-қайсы болмасын қарапайым халыққа қаншалықты жақындығы тұрғысынан бағаланады, олардың халық мүддесін түсіне білу – артықшылығы болса, халықтың ой-түсінігінен алшақтығы – осалдығы болып шығады. Мұны кезінде Белинский өте қисынды дәлелдеп көрсеткен болатын.

«Онегин» – Пушкиннің ең бір ішкі сыры молынан ақтарылған шығармасы, оның қиялының сүйікті перзенті, Пушкиннің тұлғасы «Онегинде» көрінгендей ақын тұлғасы мейлінше толық, жарқын және анық көрінетін туындылар өте сирек кезедеседі. Мұнда оның бар өмірі, барлық жан-сыры, барлық махаббаты да, сезімдері, ұғым-түсініктері, иедалдары да айқын көрініс тапқан» деген Белинскийдің пікірі көп жайды аңғартады.

«Евгений Онегиннен» алған үзінділерді Абай бір жүйеге түсіріп, өзара байланысты етіп береді.
Абай он бір буынды өлеңмен жазса да, аударманы Пушкин тексіне мағынасы жағынан өте жақын етіп бере білген, аударма түпнұсқаға жолма-жол сай келеді.

Как рано мог он лицемерить,
Таить надежду , ревновать,
Разуверять, заставить верить,
Казаться мрачным, изнывать.

Жасынан түсін билеп сыр бермеген,
Дәмеленсе, күндесе білдірмеген.
Нанасың, не айтса да, амалың жоқ.
Түсінде бір кәдік жоқ «алдар» – деген.

Осыдан-ақ Абайдың Онегин мінезіне тән қасиет-сипаттарды айнытпай, дәл бейнелейтінін байқаймыз. Осы өлеңде Онегинге берілген сипаттамалар – өр мінезділігі, ғашықтық сөзге жүйріктігі, көңіліне жаққан адамды елітіп әкететіні, ұнатпаған адамын қорлаудан тайынбайтыны алдымен Онегиннің өз басын, мінез-бітімін танып-білуге мүмкіндік берсе, сонымен қатар оның Татьянамен және Ленскиймен қарым-қатынасын түсіну үшін де мәні бар.

Мысалы,
Ғашық құмар, ақылмен бойыңды алып,
Жылы жауап есітер не қылсаң да.
Ел аулақта оңаша қолына алып,
Көңілдегі сабағын айтып тынар, – деген мінездеуге сай Онегин Татьянаның өзіне ғашық сезімін білдіріп хат жазғаннан соң, жар сүюге, үйленуге менің жайым келмейді, бүгін сені сүйсем, ертең жалығамын дей отырып, әлі жассың, өзіңе лайық емес адамнан сақ болғайсың деп біраз ақыл айтып, «сабағын» беріп тынады. Онегинге Татьянаның махаббат сезімін білдіріп хат жазатыны – романның сюжетіндегі ең бір түйінді жері. Абай «Татьянаның Онегинге жазған хаты» (Амал жоқ – қайттым білдірмей) деп сол «Я к вам пишу – чего же более» деп басталатын Татьяна хатын кейбір жерде сөз қалдырып кетіп еркін аударғанмен, Пушкин тексінің жалпы мағынасын дұрыс береді. Аудармада Татьяна бейнесі, орысша түпнсұқасының басты ерекшеліктері сақталып, шебер суреттелген.
Мысалы:
Зачем вы посетили нас?
В глуши забытого селенья
Я никогда не знала б вас,
Не знала б горького мученья, –

Келмесең егер сен бізге,
Сау болмас па ем, әлбетте?
Болмасам ашына мен сізге,
Түспес ем мұндай бейнетке,- деп қазақшалаған.

Абайдың «Татьяна хаты» атты бұл өлеңі терең мағыналы болумен бірге көңілге қонымды, тілге жеңіл болып шыққан. Оған Абайдың өзі әдемі ән шығарып, «Татьяна хаты» ертеден ел арасына кең тарап, айтылып келгені мәлім. Пушкиннің Татьянасы қазақ даласына әкелгеннен кейін екі жылдан соң Абай «Сегіз аяқ» өлеңінде: Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім- деп әдебиет саласындағы күллі істеген істерін қорытындылайды.

Пушкиннің және дүние жүзінің мәдениетімен іштей терең байланысу Абайдың жылдың төрт мезгілі туралы өлеңдерін, лирикалық өлеңдері мен ақындық толғаныстарын, ақын қызметі жайындағы өлеңдерін жазуына мүмкіндік берді. Абай өзінің поэзиялық көзқарастарында Пушкинмен осылайша туысып жатады. Абай аударған «Евгений Онегиннің» үзінділері қазақ халқына тамаша ұнап, кейін қазақ даласының сүйікті өлеңі болып кетті.

Абай Пушкин шығармаларына үлкен мән беріп «Евгений Онегин» романынан аударған өлеңдеріне ән шығарған. Әсіресе, әнімен айтылатын «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Амал жоқ, қайттым білдірмей»,-деп басталатын өлеңі, «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Таңғажайып бұл қалай хат», «Татьяна сөзі», «Тәңірі қосқан жар едің», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Құп білемін сізге жақпас» және «Онегиннің өлердегі сөзі» 1887-1889 жылдары бүкіл қазақ даласына жайылып, Пушкин романының кейіпкерлері,

Татьяна мен Онегин есімдері сахара халқына сүйікті, етене жақын болып кетті. Абайдың аудармасы арқылы орыс халқының ұлы ақынымен жақындығын сезе бастады, өйткені Пушкин жалғыз орыс халқы ғана емес, басқа халықтардың да өмірін, тұрмысын жете зерттеп, олардың ұлттық ерекшеліктерін өзінің мәңгілік образдарымен көрсеткен. Пушкиннің сондай халықтық ақын болғандығынан қазақ халқы оның творчествосын сүйіп қарсы алды. Абай оған арнап жалынды өлеңдер жазды. Пушкиннің халықтық қасиеттері Абайдың «кеудесіне» қонып кеткен. Пушкиннің тарихи орны, бүкіл шығармашылығының мінез-құлқы Абайға үлгі болған.

Өмір, адам деген тақырып Пушкиннің де, Абайдың да сүйетін, қызық тақырыбы. Екеуі де шын көңілмен жарқын өмір, бақытты, ерікті адам үшін күреседі. Пушкиннің шығармасында да халықтың, еңбекші адамның тілегі көрініп тұрады. Олардың поэзиясында ерлік, туысқандық, намыс, еңбекке, білімге, Отанға деген сүйіспеншілік оттай жалындап тұрады. Абай Пушкин сияқты неше түрлі қиындықтың ортасында өзінің мойымас ақындық дәрежесін таза сақтайды да таптық қоғамның адамның бұзылып бара жатқан кескінін мазақ қылып, көркем сөзімен олардың адамдық қасиетін жоғалтпауына шақырып, жарқын болашақ туралы ой салады, көңілде үміт туғызады.

Абай орыс мәдениетінің шыңына құлаш ұра, жалпы мәдениеттік, жалпы тарихтық маңызы бар бүкіл ұлттық қазына жасайды. Оның Пушкинді аударушы және ағартушылық қызметі, адамгершілік қасиеті жоғары адамның маңызы мен ұлылығы жайлы еңбектері айрықша қазына.

Поэзияның екі алыбы Абай мен Пушкин бізге таңғажайып тұлға, олар өз халқының тарихында тау шыңындай асқақ тұр.

Әдебиеттер тізімі:

Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі.- Алматы: «Ана тілі», 1995.- 272 б.
Мұса С. Абай мен Пушкин // Егемен Қазақстан.- 2006.- 1 сәуір.
Бейсембаев М. Пушкин және Абай // Лениншіл жас.- 1979.-6 маусым.
Мұхамедханов Қ. Өлмес өмір, өшпес есім // Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. 6-том.-Алматы: «Ел-шежіре», 2008.-170 б.
Мұхаметқалиқызы А. Абай және Пушкин // Семей таңы.-2009.-9 сәуір.-3 б.
Пушкин біз үшін – орыстан шыққан Абай // Қазақ әдебиеті.-2009.- 31 шілде.-2 б.
Пушкин мұрасының Қазақстан әдебиеттануы ғылымында зерттелуі: библиографиялық көрсеткіш / Құраст.А.Т.Қалиасқарова.-Алматы: «Тау-Самал»,2009.-224 б.
Серікбаев Н. Абай және Пушкин // Семей таңы.- 1971.- 25 мамыр.