Абай және Крылов

s11     Абайдың үлгі-өнеге алған ең үлкен мектебі XIX ғасырдағы классикалық орыс әдебиеті болды. Сол мектептен үлгі алған Абай қазақ әдебиетінде үлгілі мектеп болды.

Абайдың ең бір ұмытылмас еңбегі орыстың ұлы жазушыларынан өзі өнеге алумен бірге, оларды қазақ халқына таныстырып, олардың еңбегін аударып өз еліне үлгі етуінде. Соның бірі орыстың ұлы ақыны — Иван Андреевич Крылов болды. ”Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан”, -деп Абай айтқандай, әдебиет әлемінде әркімнің өз орны бар. Ақын жазушының бәрі бірдей әдебиеттен қолма-қол өз орнын дәлме-дәл таба қоюы сирек нәрсе. Өзінің талантына, бейіміне сай орнын дәл таппаған ақын, қаншама талантты болсын халыққа танылуы қиын болмақ. Сол сияқты Крылов та әдебиеттегі өз орнын әдебиетте мысал жазудан барып тапты. Мысалдарымен халыққа танылды, әдебиеттен құрметті орын алып, тарихта ұлы жазушы болып қалды. Крылов мысал жазбастан бұрын да талай сатиралық шығармалар, комедиялар, пьесалар жазған адам. Крылов барлығы екі жүздей мысал-өлең жазған. Көзі тірісінің өзінде өз заманында Крыловты білмейтін, оның мысал өлеңдерін сүйсініп оқымайтын орыс жұртшылығы болмаған. Крылов мысалдары ақыннын тірі кезінде Еуропа жұртының бар тіліне аударыла бастады. Сонымен қатар, сол кезде грузин, араб, парсы, еврей тілдеріне аударылды.

Крыловты қазақ жұршылығына өз заманында кеңірек танытқан Абай болды. Крыловтың ”Қарға мен түлкі”, ”Әншілер”, (”Музыканты”), ”Бақа мен өгіз”, ”Шегіртке мен құмырысқа”, ”Бүркіт пен қарға”, ”Піл мен қанден”, ”Есек пен бұлбұл”, ”Емен мен шілік”, ”Алақойлар”, ”Жарлы бай”, ”Қазаға ұрынған қарашепкен” тағы басқа мысалдарын аударды. Абай Крылов мысалдарындағы реализмді өзіне үлгі етіп ала отырып, оның сатира жағы басым мысалдарын таңдап алды. Қазақ өміріндегі ескі салт-сананы, әдет-ғұрыпты, жалқаулық, надандық, қулық-сұмдық сияқты жаман әдеттерді шенеп, әшкерелеуге лайықты Крылов мысалдарын Абай қазақ тұрмысына бейімдеп аударды. Крылов мысалдарын аударғанда Абай оның өлеңдеріндегі орыс тілінің өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, мазмұны мен мағынасын терең түсініп аударды. Қазақ тіліне жатық етіп, қазақ тұрмысына бейімдеп, ұғымына жеңіл етіп аударды. Сөйтіп, мысалдың көздеген нысанасына дәл тиюін қатты ескерген. Бұл жөнінде Абай аудармалары ақынның мақсаты мен негізгі идеясын жеткізе білуге зер салғандықты көрсетеді.

Мысалдың соңында келетін қорытынды пікірді де Абай қазаққа түсінікті етіп өзінше береді. ”Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл!” (”Бүркіт пен қарға”), ”Есі шықпай мұнан да ішкен артық, қисыны жоқ қышқырған неткен тантық” (”Әншілер”) тағы тағылар. Абай Крылов мысалдарын құрғақ аударушы емес, Крыловтың үлгісін творчествосына ұштастырып қазақ әдебиетінде мысал-өлең үлгісін жасаушы ақын деуіміз керек.
Абай Крылов мысалдарының оқиғасын, тақырып желісін беруде де, тұрмыс табиғат суреттерін сипаттауда қазақ даласының, қазақ елінің өмірімен қабыстыруды мақсат еткені және солай сипаттап бергені көрінеді. Ақын айтайын деген ойын жеткізуді басты міндет санаған.

Беттер: 1 2