3wӘйткеш Абайұлы Ыбраев 1924 жылы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Ново-Баженово ауылында шаруа отбасында туған. Білімі – 7 кластық. Мектеп бітірген соң, «Қызыл Құйған» колхозында жұмыс істеген. 1941 жылы Семей қаржы-экономикалық техникумына оқуға түскен. Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен 1942 жылы 7 қыркүйекте Қызыл Армия қатарына шақырылып, Саратов облысы Балаково қаласына эвакуацияланған Симферополь пулемет-минометшілер әскери училищесіне оқуға жіберілген. 1942 жылдың маусым айынан бастап сержант Ә. Ыбраев Солтүстік-Батыс майданы 380-ші атқыштар дивизиясы 1264-ші атқыштар полкі құрамында 45 млм қару командирі қызметінде ұрысқа кірісті.Дивизия Кострица-Жерносекова-Тархово (қазіргі Ресей федерациясы Тверь облысы Оленин ауданы) бағытын қорғады.

1942 жылы шілде айында Жирковский төбесін қорғау операциясы кезінде дивизия көптеген шығынға ұшырап, резервке қойылған еді. Жаңадан жарақталған армияға сержант Ә.Ыбраев 1942 жылдың қыркүйек айында қосылды. Өз бөлімшесі қатарында 39-ші Армия Калинин майданы мен 30-Армия Батыс майдан (29 қараша 1942ж.) құрамында желтоқсан айына дейін Ржев майданында болды. 1943 жылы  ақпан айында Ыбраев қызмет етіп жүрген дивизия Солтүстік-Батыс майданы 1-ші екпінді және 53–ші армия құрамында Демянск шабуыл операциясына қатысты. 1943 жылдың көктемінде А.Ыбраев аға сержант атағын алып, 45 милим зеңбіректің взвод командирі болып белгіленді. 1943 жылдың көктемінде 380-ші атқыштар дивизиясы Брянск майданына лақтырылып, 3-армия құрамында Курск иініндегі ұрысқа, сосын 50-ші армия құрамында Брянск операциясына қатысты. Брянск операциясы кезінде старший сержант Ә. Ыбраев алғашқы әскери наградасын – Қызыл Жұлдыз орденін алды. Белорус майданында Гомель-Речицкий операциясына қатысып, кезекті старшина атағын алды.

1944 жылы 23 маусымда «Багратион» операциясы басталып, 50 армия бөлімшелері 2-Белорус майданы құрамында Могилев, Минск операцияларына қатысты. Старшина Ә.Ибраевтың взводы Минск түбінде қоршауда қалған жау тобырын құрту кезінде ерекше көзге түсті. 1944 жылы 6 шілдеде Шеметово-Пекалин маңында қоршауда қалған дұшпан әскері шепті бұзып шығуға әрекеттенді. Старшина Ыбраев өз жауынгерлеріне зеңбіректі ашық алаңға алып шығуды бұйырады. Тура көздей отырып артиллеристер 192 неміс солдаты мен офицерінің, 19 автомашинаның, 55 қару-жарақ жеткізгішті, 6 танкке қарсы зеңбіректің, 12 пулеметтің көзін жойды. Немістер жақын келген кезде старшина Ыбраев өз взводын атакаға шақырып, найзаласқан ұрыста фашистерді орындарына қуып тықты.

Ұрыс кезінде старшина Ыбраев вермахтың 8 әскерінің көзін жойған. Минск қазандығын құртқан соң 2-Белорус майданы 50-Армияның қалған бөлімшелері Белосток операциясына қосылды. Белосток облысы Гродненск ауданы Төменгі Погораны деревнясындағы (қазіргі деревня Белорусь Республикасы Гроднен облысында) ұрыста атқыштар бөлімшесі әскери тәртіппен тұрған кезде старшина Ә. Ыбраев взводы жауға тиімді соққы беру үшін зеңбіректерді ашық алаңға алып шығуға бұйырады. Ұрыс кезінде взвод жаудың оқ жаудырып тұрған 6 нүктесін, 27 әскерін құртады. Алайда Старшина Ә. Ыбраев ерлікпен қаза табады. Оны алдымен Төменгі Погороны деревнясында, кейіннен көршілес Свислочь селосында (Белоруссия Гроднен облысы) жерлеген. Кеңес Одағының батыры атағы қаза тапқаннан кейін, 1945 жылы 24 наурызда берілді.

Батырдың туған жерінде ескерткіш орнатылған.

 

Әдебиеттер:

1.Бердікенов К. Әкелер даңқы жолымен… // Ертіс өңірі. – 2015. – 6 мамыр. – Б.16

2.Қалиақпаров  Ш. Ағайын, Айткеш жетім болған емес! // Ертіс өңірі. – 2015. – 11 ақпан. – Б.10

3.Қалиақпаров Ш. Батырдың анасы: Ұлы Жеңістің 50 жылдығына // Семей таңы. – 1994. – 3 қыркүйек

4.Төлемісұлы К. Әйткеш батыр: кеңес Одағының Батыры Ә.Ыбраев туралы  // Ертіс өңірі. – 2014. – 19 қараша. – Б.12

5.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.829

6.Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.95