Қайырбаев Махмет (1925-1996)

w2Махмет Қайырбаев 1925 жылы Бесқарағай ауданында туған. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, бірден әскери-артиллерия училищесіне оқуға жіберілді. Бас командованиенің резервіндегі 17- дербес танкіге қарсы истребитель-артиллерия бригадысының құрамында әр түрлі майдандарда соғысты. 1 және 2 дєрежелі Отан соғысы, Александр Невский ордендерімен, медальдарымен наградталды. 1944 жылдың 19 тамызында 712 – танкіге қарсы истребитель артиллерия полкінің батарея командирі аға лейтенант Қайырбаев пен оның он бес жауынгері үшін мәңгі өшпес даңққа бөлену жолы басталған күн еді. Бұл оқиға Литва жерінде, Шауляй қаласының батыс жағында болды. Неміс-фашист әскерлері танкімен күшті шабуыл жасап, Қызыл Армия бөлімдерінің қорғаныс шебін бұзып өтіп, қалаға кіруге ұмтылды. Фашистер командованиесі өзінін Курляндиядағы 400 мың әскері қоршауда қалып қояды деп қорқып, біздің бөлімдерді Балтық жағалауынан алысқа қуып тастауға тырысып бақты. Қайырбаев он бес жауынгерімен қоршауда шайқасып жатқан полк батареяларының біріне көмектесуге бұйрық алды. Бара жатқан жолында Қайырбаевтың батареясы дұшпанның өздерінен әлдеқайда басым күшіне тап болды. Аға лейтенант оларға атака жасап, 70 – ке жуық фашисті өлтіріп, қоршауда қалған батареяға көмекке жетті. Осы кезде батарея құрамы артиллерияның қолдауымен ұрысқа шыққан жаудың жаяу әскері мен 30 танкіге қарсы ауыр ұрыс жүргізіп жатты. М.Қайырбаев басшылықты өз қолына алып, жаудың жеті атакасын тойтаруды ұйымдастырды. Екі зеңбірек істен шықты. М. Қайырбаев қалған зеңбірекпен жаудың үш танкісін өртеп, немістің жаяу әскерімен бетпе-бет ұрысқа кірісті.

Кескілескен осы шайқаста ер жүрек офицер бастаған жауынгерлер бір батальонға жуық гитлершілерді жайратты. Неміс танкілеріне Шауляйға өтер жол жабылды.

1945 жылғы 24 наурызда Махмет Қайырбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейін Батыр, Алтын Жұлдыз кавалері Отанына оралып, қажырлы еңбегіне кіріседі. 1946-57 жылдары Успен және Ермак аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, 1957-68 жылдары Краснакутск аудандық партиясының хатшысы болады. 1968-76 жылдары Павлодар облыстық комитеттің 2-ші хатшысы, 1976-1982 жж. Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 9 орденмен марапатталған, соның ішінде Ленин ордені (1945), Александр Невский (1945), Еңбек Қызыл Ту ордендері (1957,1966,1971), І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, ордендерімен, Октябрь революциясы және көптеген медальдармен марапатталды. Республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. 1994 жылы қаланың бір көшесіне Махмет Қайырбаев есімі берілді. 1997 жылы Данқ аланыңда бюст тұрғызылып, ол тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды. М.Қайырбаев 1945 жылы Ф.Дзержинский атындағы соғыс академия курсын, ал, 1960 жылы Қазақстан Компартия Орталық Комитетінің Жоғары партия мектебін бітірді.

 

Әдебиеттер:

1.Совет Одағының қазақстандық Батырлары. Т.1. – Алматы: Қазақстан,1969. – Б.329-330

2.Балтабаев Р. Ертіс перзенті: очерк // Семей таңы. – 1969. – 7 май

3.Қорабаев Р. Қайырбаевтың зеңбірегі // Семей таңы. – 1984. – 15 ноябрь

4.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған библиографиялық құрал. – Семей, 2015. – Б.37-38