Абай және Лермонтов

s12       Абай «Жолаушының түнгі жырын» – қазақ тіліне аударып қана қойған жоқ, оған әуен де берді және «Қараңғы түнде тау қалғытпай» данагөй, асқақ әуезді әнді білмейтін қазақ баласын табу мүмкін емес те шығар.
Шаң шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.

Гете жолаушысы бақытты болып шықты. Оның түнгі жырын ұлы ақындар Лермонтов пен Абай естіп, әрі қарай көтермелей жөнелді. Бұл ән бейбітшілік пен тыныштықты дәріптейді.
Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңдерінің ішінде өмірден күткен үміті ақтамағанын сезіну, жалғыздық сарыны елеулі орын алған туындылар да кездеседі. Солардың бірі «Рахат, мені тастап қоймадың тыныш» – орысшасы «Хоть давно изменила мне радость», осы алғашқы тармақтың мағынасы қазақша: Ғашық жар, ағайын , дос – бәрі алдағыш, Жастық құмар, үміттің нұры қайтып, Күңгірт тартты бәрінің аяғы реніш,- деп жалғасқандықтан, түпнұсқаның мағынасы айтарлықтай өзгере қоймайды.
Лермонтовтың өлеңіне негізгі арқау болған сарын – жалғыздығын, өмірден күткен үміті ақталмағанын сезіну. Сонымен бірге өлеңнен талай алданса да, тағдырға бас имейтін, именбейтін, қайғы келсе, төзе білетін адамның бейнесін көреміз. Абай да өлеңдегі лирикалық қаһарманның осы қасиеттерін әсерлі, нанымды сипаттайды. Ол өмірдің соққан дауыл сияқты тез өтіп кететініне әбден көзі жетсе де, жақсылықтан да әлі мүлде күдерін үзбеген. Абай өлеңдегі лирикалық қаһарманның осы қасиеттерін нанымды, әсерлі сипаттайды. Осы айтылғанды:

Алладан бәрібір деп тосып тұрмын,
Алғалы жақсылықты я өлгелі, – деген түйінді ойды білдіретін сөздерден-ақ айқын аңғаруға болады.

Абайдың Лермонтовтан аударғандары – негізінде әлеуметтік өмірдің көлеңкелі жақтарын, еріншек, белсенділігі жоқ адамды сынайтын шығармалар, азамат ақынның образын беретін өлең-жыр жайындағы шығармалар, жалғыздығын, бірақ оған мойымайтын беріктігін айтатын шығармалар.
Абай Лермонтов шығармасының ішкі әлемін, оның толқын-лебізін, жаңа сапасын қазақ тілінің суреттеу мүмкіншіліктерін пайдаланып мол жеткізді. Абай Лермонтов оригиналын барлық жарастық сәнімен, бар ерекшелігімен қазақ тілінде қайтадан туғызды. «Альбомға», «Жолға шықтым қараңғы түнде жалғыз», «Көңілдің күйі тағы да», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Махаббат, достық қылуға», «Менің сырым, жігіттер, емес оңай», «Ғашықтық іздеп тантыма» тағы басқа аудармалары әдебиет тарихында өте көркемдік шеберлікпен, ақындық қуатпен аударылған деп бағаланып келеді. Абайдың Лермонтовтан тәржімелеген шығармалырының тең жартысы дерлік – осындай дәл, жақын аудармалар.

Әдебиеттер тізімі:

Абай және Лермонтов // Қайым Мұхамедханов. Көп томдық шығармалар жинағы. 6-том.-Алматы: «Ел-шежіре»,2008.-176-182 б.
Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі.- Алматы, Ана тілі,1995.-272 б.
Бельгер Г. Қараңғы түнде тау қалғып… // Абай.-1993.-№ 5.-5-8 б.
Сейітов С. Қос арна: (Абайдың Лермонтовты аударуы жайлы) // Халық кеңесі.-1992.-29 сәуір.
Мұхамедханов Қ. Абай мен Лермонтов // Семей таңы.- 1983.- 10 тамыз.

Беттер: 1 2