Абайдың ақын шәкірттері

Ақылбай Абайұлы Құнанбаев (1861 – 1904)

s04   Ақылбай – Абайдың Ділдә атты бәйбішесінен 1861 жылы туған тұңғыш баласы. Ділдәдан Ақылбайдан басқа Әбдірахим (Әбіш), Мағауия деген балалары болған.

Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі.
Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп, аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханға оқуға береді. Ақылбай 4-5 жылдай молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Ақылбай бір жасынан бастап, Нұрғаным қолында өскендіктен және Абайдың 16 жасында туған баласы сияқты емес, ағайындас Ырғызбайдың бір мырзасы сияқты көрінеді. Құнанбай өзімен тең жерден қыз айттырып, Ақылбайды үйлендіреді.

«Өзімен тең жер» деген сөзімізді түсіндіре кетейік. «Біржан-Сара» айтысында Сараның аузынан айтылған:

…Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді, – деген сөз бар. Қисық Тезекұлы Найман ішінде Мұрын руының басшы адамы. 1844 жылы құрылған Көкпекті (Семей облысы) округінен аға сұлтан болыпсайланған. Сондықтан Қисықты: «Қара қазақтан шығып, хан болған» деп дәріптейді.
Найман руының шежіресін өлеңмен жазған Қырықмылтық Сүлеймен би, Қисық шежіресін былай тартады:

…Көшкімбайдың баласы Тезек дейді,
Тезек ұлы Қисық хан найман білген.
Ұмақан, Қасен, Әлсейт, Нүрпейістер –
Төртеуі хан баласы үлгі көрген.

Құнанбай, өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы Ізіқанға құда түсіп Ақылбайды үйлендірген.
Үйленген Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл баласын да жеке бір ауыл етеді. Бұл кездердегі біраз жыл, Ақылбай сияқты Құнанбайдың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашыларының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны:

Нағашым ер Қазыбек әулие өткен,
Фаниден уақыт жетіп о да кеткен.
Сасқан жан жер шетінен бабам десем,
Аруағы көз ашқанша келіп жеткен, – деген сияқты болатын.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8