Абайдың ақын шәкірттері

Көкбай Жанатайұлы (1861-1925)

Көкбай — Абайдың ең талантты ақын шәкірттерінің бірі. Ол Абаймен 1880 жылдардан бастап, жиырма бес жыл жолдас, дос болған адам. Көкбай өзінің естелігінде, Абаймен ең алғашқы рет жақындасып кетуін былай баяндайды:
«Ел ішінің ақы алысып, ақы берісіп жатқан сиезі еді. Мұны өткізуге Семейден Лосовский деген ояз келіп еді. Сол бір ісімді жақтырмай, мені ел кісілерінің ортасында тұрғанымда, стражниктерін (атарман) жіберіп жазаламақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай, әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүретін өлеңші жігіттерім бар еді, солардың біреуінен Абайға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жібердім. Ол кезде ән салып, өлең айтатұғым, қасымдағы жолдастарым да сондайды әдет қылатын.
Оязға әкелген соң, Абай да келді де: «Жазығы не?» деп істің жөнін сұрады. Содан кейін Лосовский: «Бұған біреу басшылық етіп, тәрбиесіне алмаса, мына елдің ортасында арызқой, пәлеқұмар болып, бұзылғалы жүрген адам. Сен тәрбиеге алып, міндетті болып, түзетемін десең, берем. Әйтпесе жазаға ұшырайтын ісі бар», — деді.
Абай маған кепіл болып алып шықты. Осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды.
Жаңағы оқиға 1880-жылдардың шамасында болып еді. Содан кейін қыс болсын, жаз болсын, Абай ел араласа, қасында жүріп, ауылына келсе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйіме бір жұма, көп болса, он күнге рұқсат алып келіп, артынан қайта барамын», — дейді (Абай. Толық жинақ,. 1933, 387-бет).
1880 жылы Көкбай жиырмаға жаңа аяқ басқан жас жігіт еді. Оның табиғи талантын сол кезде-ақ таныған Абай, ел ішінің лаулап тұрған дау-шарының ортасынан алып шығып, Көкбайға қамқор аға болған.
Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы, қазіргі Семей облысы, Абай ауданында туған. Тобықты ішінде Көкше руынан. Көкбайдың үшінші атасы — Есбай, Көкше ішіндегі жуан ата саналады. Есбайдың бес баласы: Сарымсақ, Сапақ, Жамантай, Көбентай, Бәйтен. Бұлардың бесеуі де, шетінен ділмар, шешен әрі пысық болып, «Есбайдың бес жүйрігі» атанған. Сапақтың баласы — Қаратай шешен, Құнанбаймен тізелес, Көкшенің ру басы адамы. Жамантайдың баласы — Жанатай. Жанатайдан — Көкбай. Жанатай да сөзге шешен, орта дәулетті, пысық адам болады. Ел басқару ісіне араласпайды. Қаратай сияқты Көкшенің ру басылары Құнанбаймен бірде дос, бірде жау болып жүрсе де, Жанатай Құнанбаймен тату болып, оған арқа сүйеп, өмір бойы одан қол үзбеген деседі.
Көкбай он жасынан бастап, он бес жасына шейін, Төлетай деген молладан оқиды. Он бес жасында оқуды тастап, бозбалалық құрып, ойын-сауық, той-думан қуып кетеді. Ән-күйге, өлең-жырға құштар, талапты жас Көкбай, домбыра тартып, ән салып, өлең айтып, ауыл арасының ойын-сауығынан қалмайтын болады. Жас кезінен ширақ, пысық, өткір тілді, өжет әрі тентектеу де болыпты. Кісінің мінез-құлқын, жағымсыз қылығын, ұнамсыз жүріс-тұрысын әзіл-қалжың етіп, қолма-қол суырып салып өлең шығаруға жас күнінен бейім болады.
Көкше ішінде Балтай, Қаракүшік дейтін руының биі, атқамінер ақсақалы Төребай деген адамды ажуа етіп шығарған Көкбайдың бір ауыз өлеңі елге тарап кетеді:

Көкекте күн ұзайды жазға бастап,
Болады сонда Төкең үйден қашқақ.
Үйінде жалғыз турам дәм болмайды,
Барғанда кісі үйіне сондай асқақ.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8