Абайдың ақын шәкірттері

Мұқа Әділханұлы (1857-1927)

Мұқа — Абайдың сегіз қырлы өнерпаз, талантты шәкірттерінің бірі. Ол – асқан домбырашы, шебер скрипкашы әрі әнші, әрі ақын. Мұқаның өнерін Абай калай бағалап, оған қалай қамқорлық еткенін Мұхтар Әуезов былайша сипаттайды: ”Абай жалғыз өсиетін қанағат қылмай, жастардың сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, көбіне музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны қолында ұстайды.

Мұқа Абай еліне кеңшілік жай емес, қысылшаң хал үстінде пана тілеп барған еді. Өз ағайынының біреуінен қалған жесір әйелге ғашық болып, соны әмеңгеріне тигізбей алып қашады да, Абай ауылына барады. Бұл кеткен соң, жуан ағайыны артындағы үйін шауып алып пәле басталады. Абай сондайлық ауыртпалығына қарамай, Мұқа мен келіншекке ара түсіп, бастарына азаттық әперіп, артын өзі жайғастырып, өнер иесі Мұқаны өзіне дос етіп, туыс етіп алады”, — дейді. Ал, енді қысқаша болса да, Мұқаның нақты өмірбаянына тоқталайық.

Мұқа Семей облысы қазіргі Жаңасемей ауданында, Уақ ішінде Жарқын, Жарқыннан Төрехан, Әділхан, Өзбехан, Қарахан деген төрт ұл болған. Біз Мұқаның өмірбаянына қатысы бар Жарқынның екі баласының ғана ұрпағын баян етеміз. Олар Әділхан, Қарахан; Әділханнан Қайырхан Мұқа (шын аты Мұхаметқанафия) және Мәлімғаждар, Қараханнан Әлімхан, Қасымхан; Қасымханнан Қайсахан, Қожахан, Алшынбай.

Мұқа ауыл молдасынан оқып сауатын ашқан соң табиғатынан талантты, ән-күй, өлең-жырға құштар жастың бар ынта-жігері өнерге ауады. Әкесі Әділхан немере ағасы Үрістемнен (Өзбекханның баласы) екеуі де ірі домбырашы екен. Солардан үйренген домбыра өнерін місе тұтпаған талапты, талантты жас биікке қол сермеп, өнер-білім іздеуді көксейді. Әкесі оны алысқа жібергісі келмейді.

Бұл ауылдар жаз шыға Семейден 25-30 шақырым Балта-тарақ дейтін жерге көшіп келіп, егін салады екен. Әкесі Мұқаны соқа атына мінгізбек болады. Бар ынтасы музыка өнеріне ауған Мұқа, ауылының калаға жақын жерге көшіп келуін пайдаланып, бір-ақ күнде Семейге кашып кетеді. Қаланы тұңғыш көрген ол көшені аралап жүргенде, бір үйде тартылып жатқан әсерлі күй естиді де, күй тартушыны көруге құмарланып үйге кіріп барса, ол — қонақ үйі екен. Күй тартып жатқан сол қонақ үйдің музыканты, скрипкашы – Ғарифолла деген татар болады.

Мұқа Ғарифоллаға жабысып, айрылмай скрипка ойнауды үйретуін өтінеді. Сөйтіп, әркімнің үйіне қонақтай жүріп, Ғарифолладан скрипка үйренеді. Әкесі баласының музыкаға әбден ауып кеткенін білген соң, оған қаладан пәтер үй алып береді. Ғарифолладан бастап, сол замандағы Семей қаласының музыканттарымен танысып, әсіресе, скрипка ойнау өнерін меңгеріп алады. Осы кезде Мұқа Абайдың өлеңдерін қолжазбалар арқылы оқып танысып, Абай әндерін домбыра, скрипкаға қосып айтып жүреді. Енді сол Абайдың өзін көріп, жүздесіп, лебізін естісем-ау деп ынтығып, арман етеді.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8