Абайдың ақын шәкірттері

Тайыр Жомартбаев (1884-1937)

13Абай мектебінен тәлім, өнеге алып өскен талапты жастардың бірі – Тайыр Жомартбаев.
Тайыр Жомартбаев – жазушы, драматург 1884 жылы Семей облысы, Абай ауданы, Мұқыр ауылында дүниеге келген.
Әкесі Жомартбай: ескіше сауатты, көңіл көзі ашық, абыройлы адам еді. Жомартбайдың бәйбішесінен жеті ұлы болған. Балаларын жас ретімен атасақ, тұңғыш баласы Сәрсенбай, одан кейінгілері: Ибраһим, Хасен, Ғабдолла, Шамали, Тайыр және Төлеубай. Сөйтіп, Тайыр – Жомартбайдың алтыншы баласы.

Болашақ педагог-ақын Тайыр Жомартбаевтың алғашқы тәлім алған ұстазы – Абайдың ақын шәкірті, адал досы Көкбай Жанатаев болды. Алғашқы білімді Көкбай медресесінен алған Тайыр араб, түркі және орыс тілдерін үйрене бастайды. Тайырдың ағасы Хасен, жақсы көретін інісін Семей қаласына әкеліп, қалада тұратын жақын туыстарының үйіне орналастырып, медресеге оқуға түсіреді.

Тайыр Семей медресесіндегі оқуын тәмамдағаннан кейін, одан әрі оқуды ойлайды. Сол кездегі әйгілі оқу орны – «Медресе-Ғалияға» түсіп оқуды армандайды.

«Медресе Ғалия» – Еділ бойында, Орта Азия, Қазақстанда жоғары білімді оқытушы мамандар даярлаған прогрестік бағыттағы оқу орны. Өйткені, «Медресе-Ғалияда» – шығыстану пәндері, логика, философия, тарих, география, математикамен қатар орыс тілі, орыс әдебиеті оқытылған.

Талапты жас Тайыр өнер-білім қуып, Уфа қаласына барып, «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. 19 ғасырдың аяғы, 20 ғасырдың басында «Медресе-Ғалияда» көптеген талапкер қазақ жастары оқыды.

Тайыр Жомартбаев 1911 жылы Медресе Ғалияны бітіріп, сол медреседе өзімен бірге оқып шыққан Адығия Фахирисламқызына үйленіп, Семей қаласына келеді.

Семейде бұрын Заречная слободка деп аталған, қазіргі Жаңасемей бөлігінде 1910 жылы ашылған мұсылман мектебі болатын. Тайыр сол мектепте ер балаларға, әйелі қыз балаларға сабақ береді.

Тайыр жаңашыл мұғалім ғана емес, мәдени-ағарту ісіне белсене ат салысқан, сол кездегі белгілі мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің қатарында болған адам.

Тайыр Жомартбаевтың өлеңмен жазылған «Балаларға жеміс» атты кітабы Семей қаласында 1912 жылы «Жәрдем» («Ярдам») деп аталатын баспаханадан басылып шықты.

Ұстаз ақын жас ұрпақты оқуға шақырып, өнер-білімнің пайдасын, қадір-қасиетін баланың құлағына жағымды, көңіліне қонымды етіп әсерлі көркем суреттеп берді. Ақын өлеңдері: жас буынның сана-сезімін оятып, көңіл көзін ашып, адамгершілікке, ізгілікке, мейірімді, бауырмал болуға, адалдыққа, еңбекке баулып, тәлім-тәрбие жемісін беруге арналған.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8