Абайдың ақын шәкірттері

Тұрағұл Ибрагимов (1876-1934)

s06    Тұрағұл – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған баласы. Ақын, аудармашы. Жасында ауыл молдасынан оқып, сауат ашқан. Кейіннен өзі ізденіп орысша, арабша білімін жетілдірген. Ауылында болыс болған. 1917-20 жылдары Семей өңіріндегі алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі жауапты қызметтер атқарған. Тұрағұл жасынан әкесінің қолында тәрбиеленген. Сондықтан Абай өлеңі қай кезде жазылып, кімге арналғанын жақсы білген. Ол Кәкітай Ысқақұлымен бірге 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын Петербургте басып шығарған. Тұрағұл Абай мұрасын жинастыруда, аса құнды мағлұматтар жазып, қалпына келтіруде көп еңбек сіңірді. Ол М.Әуезовке «Әкем туралы» деген көлемді еңбек жазып берген.
Тұрағұлдың осы еңбегін жазушы М.Әуезов жоғары бағалап: «ғұлама ақынның өмірбаянына қатысты мол мағлұматтарды осы кісіден артық ешкім берген жоқ, оларды керекті жеріне кірістіріп, түгел пайдаландық» деп, жазып кеткен еді.
Тұрағұл ақын болумен қатар, домбыра, скрипкада шебер ойнаған. Оның қызы, әнші Мәкен әкесінен үйренген Абайдың 17 әнін нотаға жаздырған. Ол А.М.Горькийдің «Челкаш» әңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып бастырды. А.Неверовтың «Мен өмірге жерікпін» (1927), Д.Лондонның «Балалық туралы ертегі» (1927) және «Балалы әйел нені білу керек» (1927) деген ғылыми-медициналық кітапшаны аударып, бастырып шығарған.
Тұрағұлдың өз ағасы Әбдірахманға арнаған тағы басқа өлеңдері Абайдың қорық-музейі қорында сақтаулы. Белгілі ғалым Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» атты үш томдық кітабында 1917 жылы Тұрағұл Абайұлы Алаш партиясының Семей облыстық комитетіне мүше болғанын, алайда оның Алашорда үкіметіне қызметіне байланысты мәселенің түбегейлі зерттелмегенін ескертеді.
Тұрағұл Абайұлының Алаш тілегінде болып, оны ашықтан-ашық қолдап шығуы 1916-1917 жылдардағы Ресейдегі саяси оқиғалар кезінде айқын байқалады. Ұлт тағдыры үшін Тұрағұл да шет қалмаған. Ол Алаш партиясының басшылары Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасовтармен бірге Семей облысының уездері мен аудандарында Алаш партиясының ұйымдарын құруға белсене араласқан. Тұрағұл Абайұлы Алашорда үкіметіндегі саяси маңызы зор істерге үнемі араласып отырғанына оның Алаш атты әскерін құрудағы қызметіне қатысы дәлел болады. 1918-1919 жылдары ел іші ақ пен қызылға бөлініп, азамат соғысы жүріп жатқан кезде Алашорда үкіметінің атты әскері мен милициясы қара халықты көптеген қантөгістерден қорғап қалуға көмек болғанын қазіргі алаштанушы ғалымдар ашық айтады.
Сонымен бірге, Семейде Алашорда үні болған «Сарыарқа» газетінде Алаш атты әскерінің алғашқы жеңістері туралы: 1918 жылы Алтай губерниясы бағытында бльшевиктерді өкшелей қуған Алаш әскерінің жеңіспен оралғаны, бұл әскерге Тұрағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Қаражан Үкібаев тағы басқалары қатысқанын айтады.
Алаш қайраткерлерінің бірі Тұрағұл Абайұлы 1934 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында қайтыс болды.

Әдебиеттер тізімі:

Тұрағұл Абайұлы // Абай. Энциклопедия.-Алматы: «Атамұра»,1995.-555 б.
Әс-Сем Тұрағұл Абайұлы айыптау құжаттары // Абай.-2007.-№ 1.-86-88 б.
Ерсәлімұлы Б. Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары туралы.-Семей.-Ғалам-Шар,2005.-416 б.
Кенемолдин М. Тұрағұл және Алашорда үкіметі // Семей таңы.-2008.-24 сәуір.-3 б.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8