a02Лаврентий Сергеевич Константинов 1910 жылы 10-шы қыркүйекте Новосибирск облысы, Балман селосында шаруа отбасында дүниеге келген. 5 кластық біліммен киномеханик, жүргізуші болып жұмыс істеді. 1941 жылдың  желтоқсан айынан Қызыл Армия қатарында. 1942 жылдың қаңтарынан майдан шебінде. 1943 жылдың қыркүйек айында аға сержант Л. Константинов  Воронеж майданы 3-гвардиялық танк Армиясы 6 –гвардиялық  танк корпусының 22 гвардиялық мотоатқыштар бригадасы автоматшылардың барлау ротасының взводын басқарды. Днепрден өту кезінде ерекше көзге түскен.

1943 жылы 23 қыркүйекте Лаврентий Константинов Украина ССР-і, Черкасск облысы Каневский ауданы Григоровка селосының тұсында Днепр өзенінен өтіп, батыс жағалау үшін кескілескен шайқасқа қатысады. 1-2 қазан күндері Константинов барлау тобымен жау тылына өтіп, неміс әскерлерінің орналасуына барлау жасайды. Қайтар жолда жау  әскерлері байқап қалып, оқ жаудырады. Осы ұрыста Константинов қарулас достарымен жаудың 40 офицері мен солдатының көзін жояды. Константиновтың өзі жеке есебі бойынша  40 солдат пен 5 офицер көзін жойған екен.

1944 жыл 10 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша гвардия аға сержанты Лаврентий Константиновқа Кеңес Одағының Батыры (№2117) атағы берілді. Кіші лейтенанттар курсын тамамдаған. Соғыстан кейін Л. Константинов әскер қатарынан босады. Соғыстан кейін Семей облысы, Көкпекті ауданы, Шегелек ауылында тұрды. 1948 жылы 10 ақпанда қайғылы қазаға ұшырады. Қызыл Жұлдыз, 3-Дәрежелі Даңқ орденімен, бірнеше медалдармен марапатталған. Каргат қаласында Л. Константиновке бюст, Семей облысы, Көкпекті ауданы, Шегелек ауылында  батырға ескерткіш орнатылған.

 

Әдебиеттер:

1.Кеңес Одағының батырлары – шығысқазақстандықтар = Герои Советского Союза – восточноказахстанцы: мағлұматнама. – Өскемен: ШҚМУ, 2005. – Б.132

2.Отан батырларын мадақтайды. Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары : фотоальбом  / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай- қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.131

3.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.396