789Меркулов Матвей Кузьмич – Семей облысы Бородулиха ауданы, Жаңа Шүлбі ауданында 15 тамызда 1918 жылы дүниеге келген. 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Семейдегі мұғалімдер курсын бітіргеннен кейін Бородулиха ауданы Девятка мектебінде мұғалім, кейін директор қызметінде болған. 1938 жылы Кеңес əскері қатарына шақырылған. 1941 жылы Харьков шекара əскери училищесін бітіріп, Алматы облысы Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылы маңындағы Есекартқан шекарасында застава бастығы қызметін атқарды.

1942 жылы  Орталық майданның 162-атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанып, Курск, Орел шайқастарына қатысты. Шабуыл барысында жараланып, госпитальда емделген. Кейін қызметін 2-Беларусь майданы 65-армия 15-атқыштар дивизиясы 676-атқыштар полкінде жалғастырды. 1945 жылдың қаңтарында 2-батальонға Висла өзенінен өтіп, фашистер бекінісін шабуылдау тапсырылды. Осы жылдың 28 қаңтарында Меркуловтың батальоны бекінген маңды (Польша, Грудзендз қаласынан оңтүстік батысқа қарай 4 км жерде) жау қатты қарқынмен шабуылдады. Өздігінен жүретін 2 артиллерия қондырғысы мен жау автоматшылары сапты бұзып, командалық пунктке жақын қалған сын сағатта Меркулов батальонын батыл басқарып, 7 тəулікке созылған жау шабуылын тойтарды.

Висладан өтуде үлкен ерлік көрсеткен, Меркулов өз полкімен бірге 1945 жылы 30 наурызда Гданьск қаласын (Польша) азат етіп, 20 сəуірде Одерге, мамыр айында Балтық теңізіне шықты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының 1945 жылғы 29 маусымдағы Жарлығымен  майор Меркулов Матвей Кузьмичке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталған.(№ 5570). 1946 жылы отряд командирі, Шығыс шекара округі əскерінің бастығы болды. Ұзақ жыл кеңес-қытай шекарасында қызмет етті. Оның басшылығымен 4 шекара отряды, 10 шекара заставасы мен комендатура құрылды. 1951 жылы Əскери академияны бітірді. 1960 жылы шиеленіскен кеңес-қытай шекара оқиғаларына Матвей Меркулов басқарған Шығыс шекара округінің тікелей қатысы болды.

1969 жылы Жалаңашкөл оқиғасында Үшарал отрядының жауынгерлері 80 адамдық қытай отрядын талқандады. 1976–85 жылдары Алматы жоғары шекара командалық училищесінің (қазіргі ҚР ҰҚК Əскери институты) бастығы қызметінде болды. Алматы қаласы Зенков көшесіндегі үйге мемориалдық тақта, 2006 жылы ҚР ҰҚК Əскери институты аумағында Меркуловтың бюсті қойылған. Ленин, 3 Қызыл Ту, Қазан революциясы, 1-дəрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, 3-дəрежелі «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

2000 жылы 2-ші сәуірде  қайтыс болып, Алматы қаласында жерленген.

Әдебиеттер:

1.Давайте, люди, никогда об этом не забудем! Вести Семей. – 2015. – 3 марта. –  С.5

2.Кеңес Одағының батырлары – шығысқазақстандықтар = Герои Советского Союза – восточноказахстанцы: мағлұматнама. – Өскемен: ШҚМУ, 2005. – С.4

3.Перцева Н. Герой войны и мирного времени  // Наше дело. – 2016. – 19 мая. –  С.6-7

4.Рызбаев В. Н. Величайшее в мире танковое сражение: 65 великой Победе  // Вести Семей. – 2010. – 25 марта. –  С.4

5.Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары : фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай- қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.169

6.Шығыс Қазақстан  облысы: энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.530