z8Ефим Стрельников 1905 жылы Харьков облысында дүниеге келген. Соғысқа дейін Семей қаласында еңбек етті. Әскер қатарына Семей қалалық әскери комисариатынан шақырылған.  Ефим Семеновичтің өмірі  социалистік Отанның өркендеуімен  тығыз байланысты болды. Өзінің еңбек жолын Харьков теміржол желісінде жұмысшы болып бастап, көп ұзамай Днепрогэс құрылысына қатысады. 1934 жылы Ефим Семенович Стрельниковты тәжірибелі құрылысшы ретінде Өзбекстан Шыршық электрохимиялық комбинаты  құрылысына жібереді.

Совет адамдарының бейбіт өмірін фашистік Германияның опасыздық шабуылы бұзған  кезде Е.С.Стрельников Семейде жұмыс істейтін. Ол 1942 жылдың жазында Қызыл Армия қатарына шақырылып, майданға жіберілді. Ефим Стрельников еңбекте алдыңғы қатарда болса, майданда да үнемі алда болды. Туған жерді азат еткен соң, совет жауынгерлері гитлер басқыншыларын Польша жерінде талқандады.  Суворов ордені атындағы Қызыл Тулы Рыльско-Коростеньская 112 атқыштар  дивизиясы  524 атқыштар полкының командирі, аға лейтенант Стрельников жауға Сандомир плацдармынан соққы жасады. Майдан әскерінің алдына қойылған тапсырманы орындай отырып, Стрельников ротасы жау позициясын шабуылдады. Совет жауынгерлері жау траншеясына басып кіріп, бетпе-бет ұрыста көптеген неміс солдатының көзін жойды. Гитлершілер қосымша күш  тартып, қарсы шабуылға шықты.

Рота командирі Стрельников жауға шабуылды олардан бұрын жасап, қатты тойтарыс беру керек деген шешімге келді. Рота жауынгерлері серпінді шабуылмен жаудың бетін қайтарып, жауды 20 шақырымға дейін шегіндірді.

1945 жылы 21 қаңтарда біздің әскер Одер өзені шебінде жаудың қатты қарсылығына ұшырады. Қиян-кескі шайқаста лейтенант Стрельников бастаған рота 100 гитлершіні, 7 ірі калибрлі пулеметті тобымен бірге жойып, тұтқындар мен жаудың әскери техникасын қолға түсірді. Одер өзенінің батыс жағалауындағы Ламперсдорф елді мекені үшін ұрыста аға лейтенант Е.С.Стрельников өз ротасы шабуылға бастап, елді мекенді басып алды. Батыл командир әскери бұйрықты орындау кезінде ерлікпен қаза тапты.

1945 жылы 10 сәуірде неміс басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін аға лейтенант Стрельников Ефим Семеновичке қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

 

Әдебиеттер:

1.Давайте, люди, никогда об этом не забудем! // Вести Семей. – 2015. – 24 марта. –  С.5

2.Совет Одағының қазақстандық Батырлары. Т.2. – Алматы: Қазақстан, 1969. – Б.259-260

3.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.706

4.Шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары: фотоальбом / Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық мұражай-қорығы. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – Б.243