z9Петр Иосифович Теряев  1922 жылы 15 шілдеде Қарқаралы (Қарағанды облысы) қаласында жұмысшы отбасында туған. Кейбір деректерде Қарқаралы ауданы Бүркіт ауылында туған деп жазылған. Орта мектепті  Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Жарма станциясында бітірген. 1940 жылы қызыл Армия қатарына шақырылған. 1942 жылы Орынбор әскери –авиациялық ұшқыштар мектебін бітірген.

1943 жылдың наурыз айынан майдан шебінде.  76-ші  гвардиялық Мелитополь Қызылтулы шабуылшы авиаполктің 1-ші гвардиялық  Ленин орденді екі мәрте Қызыл тулы Сталинград 2-ші дәрежелі Суворов, 2-ші дәрежелі Кутузов орденді шабуылшы авиадивизия 1-әуе армиясы Белорус майданы құрамында  шайқасқан. Авиацияның гвардия капитаны.  Алғашында ұшқыш, сосын шабуылшы авиазвено командирі болған. 1944 жылдың  қазан айына дейін  154 рет ұшып, жауға шабуылдаған. Жаудың көптеген самолеті мен танктерінің, қарулары мен көліктерінің көзін жойған. Полк командирі  «Кеңес Одағының Батыры» атағын беруге ұсынған. Ұсыныс орындалғанша ержүрек ұшқыш гитлершіл басқыншыларды талқандауды жалғастыра берді.

1945 жылдың 13 қаңтарынан бастап Совет әскерлерінің Шығыс Пруссияны азат етудегі  стратагиялық шабуылдарына  қатысты. 1945 жылы 15 ақпанда Кенисбергтегі әуе шабуылы кезінде ұшаққа оқ тиді. Отқа оранған самолетті ұшқыш жаудың жиналып тұрған техникасына қарай бұрады. Бұл ержүрек ұшқыштың соңғы 191-ші әскери тапсырмасы еді. Польшаның  Бранево қаласында жерленген.

1945 жылы 19 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен авиацияның гвардия капитаны Теряев Петр Иосифовичке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин, төрт мәрте Қызыл Ту, Александр Невский, Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Оның есімі туған Қарқаралысының бір көшесіне берілген. Семей облысындағы Жарма ауылында Теряев Петрге мүсін тұрғызылған. Ол мұнда бозбала шағын өткізген еді. Литвадағы № 97 мектепте қазақстандық Петр Иосифович Теряевтің мұражайы бар. Семей қаласындағы автомеханикалық техникум ғимаратының алдында Батырға мемориалдық тақта орнатылған.

 

Әдебиеттер:

1.Миллер И. Поминальный ас для двух асов // Экспресс-К. – 2016. – 24 сентября. –  С.6

2.Семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында: Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған библиографиялық құрал. – Семей, 2015. – Б.65-66

3.Совет Одағының қазақстандық Батырлары. Т.2. – Алматы: Қазақстан, 1969. – Б.291-292

4.Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – Б.739