Мұхтар Әуезов

s01   Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өскен ортасы, ұшқан ұясы — бір кезде қазақ сахарасында мәдениеттің ордасы сияқты болған Абай ауданына қарайтын Шыңғыстау деген жерде. Ескіше сауаты бар атасы Әуездің көмегімен 7-8 жасқа келгенде арабша хат таниды. Осы кезден бастап қазақ әдебиетінің әр түрлі үлгілерін және ауыз әдебиеті шығармаларын оқып, Абай өлеңдерін жаттап, оқи бастайды. Мектеп жасына жетіп, үлкендер сөзін ұғатын кезден бастап тәрбиеленген жас балғынның сауаты осылайша ерте ашылды. Көзі ашық жастың қолына түскен кітап, қисса, жыр, ертектер оның жастық шағының үлкен рухани азығы болатын. Оның үстіне қазақтың бас ақыны Абаймен ауылдас, ағайын-туыс, араласы мол тілектес көрші елдің ішінен шығуы Мұхтардың жас шағының бақыты еді. Бала кезінде тұңғыш көрген ақыны – Абай болса, алғаш сауатын ашқан оқу құралы да – Абайдың қолжазба өлеңдері. Абай шығармаларымен ерте танысып, ақын шабытына еліктеп, сезімтал жүрегін ерте оятты. Абай шашқан құнарлы дәннің түймедей боп алғаш көрінген бөбешік, жаңа ғана құлақтана бастаған жас жапырақтарының бірі осы Мұхтардай талапкерлер бойынан көрінді. Сөйтіп, болашақ жазушының тұңғыш тәлім-тәрбие алған алтын бесігі, қанаттанып ұшқан ұясы – Абай мектебі болды.

«Атамыз бізді өзінше оқытатын,- деп еске алады Мұхтар -… аздап қара таныған соң, өлеңнің бірінен соң бірін жаттадым. Арасында Лермонтов, Пушкин, Крылов, Татьяна мен Онегин тәрізді құлақ естімеген өзгеше есімдер кездесіп қалады. Әуез атасының немерелеріне таң атқаннан күн батқанға дейін кітаптан бас алғызбайтын талабының арқасында әрі Мұхтардың бойындағы жазушылық талантқа алғаш түрткі боп, қиялына қанат бітіріп, шарықтап өсуіне дем берген сол орыс классиктерінің рухани азығы болды.
1907 жылы он жасында Семейдің бес кластық училищесіне оқуға түсіп, жақсы оқитын шәкірттің бірі болады. Осы училищенің 3-класында оқып жүріп, «Дауыл» деген тақырыпта шығарма жазып, оқушылар арасында ерекше көзге түсіп, талантты оқушы екенін көрсетті. Училищені үздік бітірген соң, 1912 жылы Семейдің мұғалімдік семинариясына оқуға түседі. Сол семинарияны үздік бітірген екі оқушының бірі – Мұхтар болды, онда оқып жүргенде дарынды жасты толғандырған мәселе: өнер, білім, мәдениет, әйел теңдігі, еңбекші қамы болды. Жазушы әрқашан да Абай атасының өнегелі сөздерін есінен шығарған жоқ.

Семинарияны бітіріп шыққаннан кейін Әуезов ең алғашқы еңбек жолын өзінің туған ауылында Шаған болысындағы мектепте мұғалім болудан бастайды.
Жазушының білім алған мемлекеттік оқу орындары мыналар: Семейдің бес кластық училищесі (1908-1914), мұғалімдер семинариясы (1915-1919), Ташкенттегі Орта Азия университетінің (САГУ) аспирантурасы (1923-1924), Санкт-Петербург университеті (1924-1928). Осындай оқу орындарын бітірген және өз бетімен көп ізденген ағартушы, ұстаз, ғалым, жазушы.

М.Әуезов үлкен өмірлік, шығармашылық жолдардан өткен жазушы. Ол жиырма жасында «Еңлік-Кебек» трагедиясын жазып, қазақ даласында театр өнерінің бастапқы үлгісін көрсетті. Дарынды жас жазушы «Еңлік-Кебек» пьесасын тарихта болған уақиға негізінде жазған және Еңлік-Кебек Мұхтардың туып өскен жерінде ХVІІІ ғасырдың соңғы кезінде болған тарихи шындық. Пьеса күні бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқан тозбайтын дүние. Пьеса өзінің талантын, көркем тілге, бейнелеу әдісіне әбден жетіліп қалған, алысқа шабар тұлпар, қиял қанатын қияға сермер сұңқар келбетті ерекше бітімін танытты. Қазақ халқының шешендік өнерін меңгерген жазушының әрбір сөзі төгілген жыр арқылы берілді.
Осы пьесадан кейін он шақты жыл ішінде көптеген әңгіме, повесть, пьесаларымен көзге түсті. «Қорғансыздың күні», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Қыр суреттері», «Жетім», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қаралы сұлу». «Қилы заман» секілді атақты шығармалары мен қазақтың тұңғыш театрының сахнасын ашқан «Еңлік-Кебек» және «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал» драмалық шығармалары көпшілік назарын бірден өзіне аударды.
Бүгінгі жан-жақты дамыған ұлттық театрымыздың өмірге келуі жазушы атымен тығыз байланысты. Ол тұңғыш театрдың шығармашылық өміріне ұзақ жылдар бойы араласып, негізгі репертуар қорын жасап, оның бағытын анықтаған драматург. Осындай туындыларымен өзінің құдіретті талант иесі екенін көрсеткен жазушы, ғалым, педагог, коғам қайраткері М.Әуезов аса құнды еңбектері үшін халық құрметіне бөленіп, жазушылық сатысының ең жоғарғы сатысына шыққан еді.
1917 жылы май айында Ералы жазығындағы Ойқұдық жайлауында Абайдың аяулы жары Әйгерімнің отауында «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылған болатын. Онда ойнайтын артистерді де өзі тауып тамаша ойын көрсеткен еді. Сонда Мұхтар небары жиырма-ақ жаста ғана болатын. Сол пьесаны қоюшы режиссер өзі, суфлер де өзі болған екен.

М.Әуезов – журналист. Оның ең алғашқы публицистикалық мақаласы 1917 жылы жазылған «Адамдық негізі -әйел» атты еңбегі. Онда жазушы әйел тұрмысына, қоғамда алатын орнына азаматтық ой-пікір тұрғысынан пайымдаулар жасаған. Адам тәрбиесіндегі ананың, әйелдің алар орнын ерекше бағалай білген жас Мұхтардың толғақты мәселесі бүгінде қоғамның негізгі тақырыбына айналып отырғаны шындық.

Семейдегі қоғамдық қызметі
Педагогикалық көзқарасы
Әуезовтің шығармашылығы

Беттер: 1 2