Мұхтар Әуезов

s01Сонымен қатар, М.Әуезовтің көтерген ең маңызды мәселесінің бірі — тіл мәселесі болды. Абай ойларымен үндес болған жазушы: «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тіліңді, бесігіңді түзе!» деп тебіренген еді. Атақты «Абай жолы» эпопеясы қазақ өмірінің энциклопедиясы. Осы роман арқылы жазушы ең алдымен өз халқының қадыр-қасиетін, алдымен қазақ халқына, сонан кейін бүкіл дүние жұртына айғақтап берді. Абайды әлемге таныта отырып, М. Әуезовтің өзі де әдебиет әлеміне ұлы дарын, қайталанбас тұлға болып танылды. Ол туралы Б.Матип: «Қазақтар туралы бұрын ештеңе естімеген едім. Енді оларды өте жақсы танимын. Жақында ғана М.Әуезовтың тамаша кітабын ағылшын тілінде оқып шықтым. Шынында қазақтар неткен ғажап халық» деп жазған еді.

Шыңғыс Айтматов: «Орыс мәдениетінің дамуына Пушкин қандай әсер етсе, осы күнгі ортаазиялық көркем ойдың және біздің барлық көрші отырған халықтарымыздың рухани өмірінің қалыптасуына Әуезов сондай әсер етті»,-деп жазушының терең білімділігін құрметтейді.
М. Әуезовтің «Абай» эпопеясы – «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп өткен жұмбақ адамның жүрегіне терең бойлаған ең зор ескерткіш болып табылады.
М.Әуезов Абай мұрасын зерттеуді 1918 жылдардан бастайды. Сол жылдары «Абай» журналы бетінде «Абайдың өнері мен қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» т.б. мақалаларын жарялайды. Абай жөнінде жазған мақалаларының ішіндегі ең көлемді мақалаларының бірі «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласы.
М.Әуезов Ташкентте оқыған жылдары – ұлттық мәдениетіміздің дамуы үшін тарихи кезең болды. Онда жүріп ол әлемдік мәдениеттің мәдени ескерткіштерін шебер меңгере алды. Парсы-иран эпосы «Шаһнама», түрікмен эпосы «Көрұғлы», қырғыз эпосы «Манаспен» сусындады. Туысқан халық әдебиеттерін қадірлей білген жазушы өз елінде қудалауға түскен көрші қырғыз халқының атақты «Манас» жырын әлемдік ғылыми маңызы туралы тебірене жазып қорғап шыкқаны туралы басылымдарда жарияланды.
М.Әуезов прозаның барлық жанрында еңбек етті. Сонымен қатар орыс әдебиетінің классиктері Л.Толстойдың, И.Тургеневтің, Н.Гогольдің және т.б. жазушылардың шығармаларын тәржімалады. Отыз жылдан астам уақыт бойы аудармамен айналысқан жазушы қазақ-орыс әдебиетінің жақындасуына көп септігін тигізді. Көптеген орыс және шетел пьесаларын аудара келе М.Әуезов драматургиялық және аудармашылық саласында шеберлік үлгісін көрсетті. Дүние жүзі әдебиетінің үздік үлгілерін қазақ тіліне аударып, ұлттық әдебиет пен өнерді әлемдік әдеби процеспен байланыстыра отырып, қазақ әдебиетінде көркем аударма ісінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан қаламгер. В.Шекспирдің «Отеллосы» мен «Асауға тұсауы», Н.Гогольдің «Ревизоры», К.Треневтің «Любовь Яроваясы» т.б. тақырыптардағы драмалары, опера либереттосы отандық театр сахналарының төрінен берік орын алған құнды дүниелер.
Көп ұлтты әдебиетті өркендетудегі зор еңбегі үшін Ленин орденімен, екі рет Қызыл Ту орденімен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Жазушының Алматыда мемориалдық музей үйі бар.
Жас ұрпаққа саналы тәрбие беретін қаладағы байырғы оқу орны – Семей педагогикалық колледж- М.Әуезов атында. Ол заңды да. Өйткені, осы оқу орнында жазушы білім алып қана қоймай, өзі ұстаздық еткен. Қаланың Жаңасемей бөлігінде ескерткіш, Бөріліде жазушының музей үйі бар.

XX ғасыр қазақ қоғамында әдебиет пен мәдениетіміздің өркендеуіне аса зор үлес қосқан қазақ әдебиетінің классигі, көркем сөз шебері, ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ ССР-нің ғылыми қайраткері М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде 1997 жылы аталып өтті. Аса көрнекті жазушы М.О.Әуезовтің еңбектері қазақ әдебиетінің баға жетпес мүлкі. Ой-өрісі кең, білім парасаты терең, өмірге құштар, болашаққа деген үміт арманы жоғары, қарапайымдылығы шын ғалым бойына сай, адамгершілікке, ізгілікке толы жүрегі пәк, жаны жас адам болды.

Неміс ақыны Гете айтқан екен: «Ұлы адамның туған, тұрған, еңбек еткен жерлері ардақты да қадірлі. Ғасырлар өтсе де ұрпақтарға оның сөзінен де, ісінен де үні естіліп тұрады». Гетенің осы сөзі Мұхтарға арналып айтқандай.
«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған»,-деген Абайдың сөзімен айтқанда, Мұхтар Әуезов – адамзат баласының тарихында мәңгі жасай беретін ұлы – Адам.

Әдебиеттер тізімі:

Әуезов М. Менің өмірбаяным.-Кітапта: Әуезов М. Бірінші том. – Алматы,1967, 21-27 6.
Әуезов М. 20 томдық шығарамалар жинағы.-Алматы:Жазушы,1979-198 6
Әуезов М.О. Абайдың туысы мен өмірі // Абай.-1992.-№ З.- 28-34 б.
М.Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі: Жазушы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына арналған жинақ.-Алматы: «Ғылым», 1997.-162 б.
Абдрахманов С. Мұхтар Әуезов // Егемен Қазақстан.-2002.-27 қыркүйек.-5 б.
Жанаева Ш. Мұхтар Әуезов тіл туралы // Ертіс өңірі.-2003. -14 ақпан.-7 6.
Мұхамедханов Қ. Ұстаз ұлағаты: (М.Әуезовтың туғанына 87 жыл толуына орай) // Семей таңы.-1984.-2 октябрь.
Мұхамедханов Қ. Мұхтар кешкен қилы заман // Абай .-1993.-№ З.-78-82 6.
Тебегенова Э. Әлем мәдениеті тарихын зерттеуші // Абай.-2003-№ 1.-16-20 б.
Тілепов Ж. Мұхаң зерделеген мақал-мәтелдердің жанрлық болмысы // Абай.-2003.-№ 2.-33-38 б.

Семейдегі қоғамдық қызметі
Педагогикалық көзқарасы
Әуезовтің шығармашылығы

Беттер: 1 2