Семейдегі қоғамдық қызметі

s23   1920 жылдың 24-қаңтарында Губревком нұсқауымен контрреволюция және алып-сатарлыққа қарсы күрес жүргізуші Семей төтенше комиссиясының мүшесі боп тағайындалып, маңызды да ауқымды істерді жүзеге асырғаны белгілі, бірақ ол туралы нақты деректер зерттеуді қажет етеді.
1920 жылы 1 желтоқсанда М.Әуезов Семей губерниялық халық сотының қазақ бөлімін басқарады және «Қазақ тілі» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалады. Бұл қызметтермен қоса халық ағарту бөлімінде де жемісті қызмет атқарады.
1921 жылы М.Әуезов Семей губерниялық Атқару комиетінің прдеседателі болып тағайындалғаны туралы «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы № 138 санында былай дейді: «губерниялық Атқару комитетінің бірінші жиналысында болған қаулысы: губерниялық атқару комитетінің бастығы Әуезов, орынбасары Большаков, мүшелері…» 1921 жылы 17 қыркүйекте ол халық ағарту бөлімінің коллегия мүшелігіне сайланады.
Мұхтар Әуезовтің губревкомның көп ісіне қатысып, жаңару, жаңа қоғам орнатуға бағытталған істердің басында жүргендігіне заң бөліміндегі қызметі дәлеп бола алады. Семей мұрағатында М.Әуезовтің қоғамдық қызметіне байланысты үш жеке іс-қағаздар тігіндісі бар, оның екеуі губревком және губаткомдағы қызметіне, ал тағы біреуі Губерниялық халық соты кеңесіндегі (совнарсуд) қызметіне қатысты құжаттар жинақталған папка. Бұл папкада Халық соты кеңесіндегі қызметіне қатысты бірнеше құжат бар /ІІІҚО. ҚЗТҚО.-266-қор,1-тізб, 20-іс/
Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің ғалымы Р.М.Мұқажанованың зерттеуі бойынша, мұрағатта жазушының өз қолымен толтырылған анкеталары өмірінің кезеңдері мен қоғамдық қызметі жайынан көп дерек береді.
М.Әуезов халық соты кеңесіндегі толтырған анкетасында шыққан тегін ”пролетариат” деп жазса, кейінгі жауабында ауқаттылығын көрсетуді дұрыс деп есептеген. Губерниялық халық соты қызметіндегі анкетасында ”1920 жылдың наурызында Мәскеуге жолсапарға жіберілдім, өзге уақытта Семейде болдым” деп жазады.
Қазақ даласында ғасырлар бойы ”билер институтының” салтанат құрып, Қазыбек, Әйтеке, Төле сынды от ауызды шешен билеріміз өз дәуірінде ел арасын бітістіріп, дау шешіп, әділ турашылдығымен тарихтан өзінің лайықты орнын алғаны мәлім. Ресей империясының отарлау саясаты негізінде билер институты өміршеңдік қалпын тоқтатты. Қазақ даласына ”Дала ережесі” еніп, осы негізде ”сот” реформасы қазақ билерінің дәрежесін шектеп, кішігірім дауларды ғана шешуге құқылы болып қалғаны рас.

Беттер: 1 2 3