Семейдегі қоғамдық қызметі

s23      Семей облыстық юстиция бөлімінің 1921-22 жылдардағы бұйрықтары кітабында М.Әуезовтің юстиция саласындағы қызметіне қатысты бірқатар мәліметтер бар. Оның бірі – юстиция бөлімі меңгерушісінің денсаулығына байланысты қызметінен босап, юстиция бөлімін басқаруды Меморскийге жүктеп, оның орынбасарлығына Халық билері кеңесінің төрағасы Әуезовтің тағайындалғаны жөніндегі құжат. Яғни, М.Әуезов 1921 жылдың 29-сәуірінде юстиция бөлімінің меңгерушісінің орынбасары ретінде қызметке кіріседі. Ал осы жылдың 7-маусымы №90 бұйрық бойынша юстиция бөлімінің меңгерушісі болып Әуезов тағайындалады.
Ғалым Қайым Мұхамедхановтың мәліметтері бойынша, М.Әуезов 1920 жылдың 23 маусымында Бұқтырма және Зайсан уезінің тексеру нәтижесінде кеңес партия инспекциясының шығарған қорытындысын талқылауға қатысқан көрінеді.
1920 жылдың 17 сәуірінен 5 тамызына дейінгі уақытта М.Әуезовтің губревком тапсырмасымен Семейге қарасты уезде жолсапарда жүріп, қазақ халқын кеңес ісіне көптеп тарту ісінде белсенділік танытты, ауылдарда тұтынушылар кооперативтерін ашуға тікелей басшылық етті.
1921 жылдың 30 маусымына дейін, яғни Қарқаралы уезіне жолсапарға аттанғанға дейін юстиция бөлімінің меңгерушісі ретінде көптеген іске басшылық еткен.
Міне, 1919-1921 жылдың қарашасына дейін М.Әуезовтің Семейде атқарған қоғамдық қызметі осындай болған. 1922 жылы 10 қыркүйекте Мұхтар Әуезов Семей губерниясынан Қазақстан Советтерінің съезіне делегат болып сайланған.
Жазушының жастық шағын Семейде өткізіп, әлеумет ісіне араласқаны, тіпті түрлі қоғамдық қызметтерді атқара жүріп шығармашылығының шынарына айналған «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Жетім», «Қаралы сұлу» т.б. әңгіме-повестерін осы жерде жазуы оның болашағына шығармашылық жағынан зор мүмкіншіліктер жасады деп айтуға болады.

Әдебиеттер тізімі:

Бекбосынов М. Мұхтартану мұраттары // Ертіс өңірі.-2006.-25 қазан.-10 б.
Қойгелдиев М. Саясаткер Әуезовтің өмірінен // Заман-Қазақстан.-1997.-26 қыркүйек.-14 б.
М.Әуезовтің қоғамдық қызметі // М.Әуезов шығармашылығы бойынша библиографиялық көрсеткіш.-Алматы. «Жібек жолы», 2005.-98-100 б.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов өмірінің Семей кезеңі /Құраст.Р.Мұқажанова.-Семей,2002.-112 б.
Мұқажанова Р. Ұлы жазушы Кеңес үкіметіне не үшін кірді? // Семей таңы.-2011.-27 қыркүйек.-5 б.
Мұқажанова Р. Мұхтар Әуезов және Семейдегі заң саласы // Семей таңы.-2010.-17 қараша.
Мұқажанова Р. Әуезов // Семей таңы.-2010.-18 наурыз.- 4 б.
Мұқаметханов Қ. Ұлы адамның өнегелі өмірі // Семей таңы.-1972.-27 сентябрь.
Мырзахметов М. Семейде өткен сәтті жыл // Жалын.-1987.-№ 4.-18-22 б.
Мырзахметов М. Алғашқы адымдар // Білім және еңбек.-1979.-№ 10.-29 б.

Беттер: 1 2 3