s23   Ұлыларды дүниеге әкелген Шыңғыстаудың бөктерінде дүниеге келіп, әлем мәдениеті тарихына туған халқының парасат болмысын танытқан М.Әуезовтің даналығы ең алдымен туған шаңырақтан нәр алып, ең алғаш білім алып, оқып-тоқығанының нәтижесін дәлелдеп, алғаш істеген қоғамдық қызметін де осы Семейден бастаған. Ұлы суреткердің бүкіл шығармашылығы мен барша қоғамдық қызметі Отанына, еліне деген сүйіспеншіліктің, адал еңбек етудің өнегелі үлгісі. Жазушы жолының, өмір өткелдерінің кезең-кезеңіне көз жүгіртіп өткеннің өзінде, балаң жігіттің елінің, қоғам өмірінің қай саласында болмасын болашақ тұрғысынан қарауы еріксіз тағзым еткізеді.
1907 жылы ағасы Қасымбектің тәрбиесімен сол кездегі қазақ елінің мәдени орталығы – Семей қаласына келіп елден алған білімін одан әрі жалғастыру үшін жаңа білімге ұмтылды.

1907-1919 жылдары М.Әуезов өз білімін ұштаумен қатар, тәуелсіздік идеясын ұстанған ұлтжанды қауыммен араласып, қоғамдық, мәдени-рухани істерге араласып, елдің жарқын болашағы жолындағы Алаш қозғалысының қайраткері болып қалыптасты. Қазан төңкерісінен кейін дүниеге келген жаңа өкіметтің алғашқы жылдарында ол бірнеше жыл қоғам өміріне араласып Семей облыстық кеңесінде қызмет етті.
Жаңа биліктің өкілдерін мойындамай, өзінің өткенін қайтарып алуды мақсат тұтқан ауқаттылар мен большевиктер арасында болған шиеленістер оңайшылықпен басыла қоймады. Бұндай қайшылықты реттеуші бірден-бір орган Семей губерниялық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның атқаратын қызметінің ауқымы да кең еді. Осындай жауапты міндеттер жүктелген төтенше комиссияға М.Әуезов те мүше болған екен.

«Мұхтар Әуезовтің өмір тарихынан бірталай нақты мағлұматтар беретін деректер Семей мұрағатынан табылды»,-деп жазады семейлік ғалым Қ.Мұхамедханұлы. Солардың кейбіреуі туралы мынадай мағлұматтар бар:
1919 жылы 1 желтоқсанда Семейде Совет өкіметі түпкілікті орнады. Сол жылы 16 желтоқсанда Әуезов Губревкомның мәжілісіне қатысады. Жергілікті ревкомдар құру ісіне атсалысады. 23 желтоқсанда Семей ревкомының «инородческий» бастығы болып тағайындалады.
1920 жылы қазақ жұмысшылары мен шаруаларының Семей уездік партияда жоқтар съезі өткізіледі. Жазушы, қоғам қайраткері М.Әуезов осындай саяси жұмыстарға белсене қатысады.
ХХ ғасыр басындағы қазақ руханиятының ояну дәуірінің дауылпаздары Алаш арыстары мен зиялы қауым өкілдері М.Әуезовтің ұлтжанды қайраткер, ел арысы болып қалыптасуына зор ықпал етті.

1920 жылдың 24-қаңтарында Губревком нұсқауымен контрреволюция және алып-сатарлыққа қарсы күрес жүргізуші Семей төтенше комиссиясының мүшесі боп тағайындалып, маңызды да ауқымды істерді жүзеге асырғаны белгілі, бірақ ол туралы нақты деректер зерттеуді қажет етеді.
1920 жылы 1 желтоқсанда М.Әуезов Семей губерниялық халық сотының қазақ бөлімін басқарады және «Қазақ тілі» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалады. Бұл қызметтермен қоса халық ағарту бөлімінде де жемісті қызмет атқарады.
1921 жылы М.Әуезов Семей губерниялық Атқару комиетінің прдеседателі болып тағайындалғаны туралы «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы № 138 санында былай дейді: «губерниялық Атқару комитетінің бірінші жиналысында болған қаулысы: губерниялық атқару комитетінің бастығы Әуезов, орынбасары Большаков, мүшелері…» 1921 жылы 17 қыркүйекте ол халық ағарту бөлімінің коллегия мүшелігіне сайланады.
Мұхтар Әуезовтің губревкомның көп ісіне қатысып, жаңару, жаңа қоғам орнатуға бағытталған істердің басында жүргендігіне заң бөліміндегі қызметі дәлеп бола алады. Семей мұрағатында М.Әуезовтің қоғамдық қызметіне байланысты үш жеке іс-қағаздар тігіндісі бар, оның екеуі губревком және губаткомдағы қызметіне, ал тағы біреуі Губерниялық халық соты кеңесіндегі (совнарсуд) қызметіне қатысты құжаттар жинақталған папка. Бұл папкада Халық соты кеңесіндегі қызметіне қатысты бірнеше құжат бар /ІІІҚО. ҚЗТҚО.-266-қор,1-тізб, 20-іс/
Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің ғалымы Р.М.Мұқажанованың зерттеуі бойынша, мұрағатта жазушының өз қолымен толтырылған анкеталары өмірінің кезеңдері мен қоғамдық қызметі жайынан көп дерек береді.
М.Әуезов халық соты кеңесіндегі толтырған анкетасында шыққан тегін ”пролетариат” деп жазса, кейінгі жауабында ауқаттылығын көрсетуді дұрыс деп есептеген. Губерниялық халық соты қызметіндегі анкетасында ”1920 жылдың наурызында Мәскеуге жолсапарға жіберілдім, өзге уақытта Семейде болдым” деп жазады.
Қазақ даласында ғасырлар бойы ”билер институтының” салтанат құрып, Қазыбек, Әйтеке, Төле сынды от ауызды шешен билеріміз өз дәуірінде ел арасын бітістіріп, дау шешіп, әділ турашылдығымен тарихтан өзінің лайықты орнын алғаны мәлім. Ресей империясының отарлау саясаты негізінде билер институты өміршеңдік қалпын тоқтатты. Қазақ даласына ”Дала ережесі” еніп, осы негізде ”сот” реформасы қазақ билерінің дәрежесін шектеп, кішігірім дауларды ғана шешуге құқылы болып қалғаны рас. Семей облыстық юстиция бөлімінің 1921-22 жылдардағы бұйрықтары кітабында М.Әуезовтің юстиция саласындағы қызметіне қатысты бірқатар мәліметтер бар. Оның бірі – юстиция бөлімі меңгерушісінің денсаулығына байланысты қызметінен босап, юстиция бөлімін басқаруды Меморскийге жүктеп, оның орынбасарлығына Халық билері кеңесінің төрағасы Әуезовтің тағайындалғаны жөніндегі құжат. Яғни, М.Әуезов 1921 жылдың 29-сәуірінде юстиция бөлімінің меңгерушісінің орынбасары ретінде қызметке кіріседі. Ал осы жылдың 7-маусымы №90 бұйрық бойынша юстиция бөлімінің меңгерушісі болып Әуезов тағайындалады.
Ғалым Қайым Мұхамедхановтың мәліметтері бойынша, М.Әуезов 1920 жылдың 23 маусымында Бұқтырма және Зайсан уезінің тексеру нәтижесінде кеңес партия инспекциясының шығарған қорытындысын талқылауға қатысқан көрінеді.
1920 жылдың 17 сәуірінен 5 тамызына дейінгі уақытта М.Әуезовтің губревком тапсырмасымен Семейге қарасты уезде жолсапарда жүріп, қазақ халқын кеңес ісіне көптеп тарту ісінде белсенділік танытты, ауылдарда тұтынушылар кооперативтерін ашуға тікелей басшылық етті.
1921 жылдың 30 маусымына дейін, яғни Қарқаралы уезіне жолсапарға аттанғанға дейін юстиция бөлімінің меңгерушісі ретінде көптеген іске басшылық еткен.
Міне, 1919-1921 жылдың қарашасына дейін М.Әуезовтің Семейде атқарған қоғамдық қызметі осындай болған. 1922 жылы 10 қыркүйекте Мұхтар Әуезов Семей губерниясынан Қазақстан Советтерінің съезіне делегат болып сайланған.
Жазушының жастық шағын Семейде өткізіп, әлеумет ісіне араласқаны, тіпті түрлі қоғамдық қызметтерді атқара жүріп шығармашылығының шынарына айналған «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Жетім», «Қаралы сұлу» т.б. әңгіме-повестерін осы жерде жазуы оның болашағына шығармашылық жағынан зор мүмкіншіліктер жасады деп айтуға болады.

Әдебиеттер тізімі:

Бекбосынов М. Мұхтартану мұраттары // Ертіс өңірі.-2006.-25 қазан.-10 б.
Қойгелдиев М. Саясаткер Әуезовтің өмірінен // Заман-Қазақстан.-1997.-26 қыркүйек.-14 б.
М.Әуезовтің қоғамдық қызметі // М.Әуезов шығармашылығы бойынша библиографиялық көрсеткіш.-Алматы. «Жібек жолы», 2005.-98-100 б.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов өмірінің Семей кезеңі /Құраст.Р.Мұқажанова.-Семей,2002.-112 б.
Мұқажанова Р. Ұлы жазушы Кеңес үкіметіне не үшін кірді? // Семей таңы.-2011.-27 қыркүйек.-5 б.
Мұқажанова Р. Мұхтар Әуезов және Семейдегі заң саласы // Семей таңы.-2010.-17 қараша.
Мұқажанова Р. Әуезов // Семей таңы.-2010.-18 наурыз.- 4 б.
Мұқаметханов Қ. Ұлы адамның өнегелі өмірі // Семей таңы.-1972.-27 сентябрь.
Мырзахметов М. Семейде өткен сәтті жыл // Жалын.-1987.-№ 4.-18-22 б.
Мырзахметов М. Алғашқы адымдар // Білім және еңбек.-1979.-№ 10.-29 б.