s23   Заманымыздың заңғар жазушысы — ұлы педагог Мұхтар Әуезовтің оқу және тәрбие туралы пікірлері ағарту салалары жөніндегі көптеген ғылыми мақалалары мен сөйлеген сөздерінде, публицистикаларында, әсіресе көркем шығармасында жарқын көрініс тапқан. Ол бұл жағынан алғашқы ағартушы-демократтар Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтардың тікелей мұрагері, солардың ісін жалғастырушы, үлгі-өнеге тұтушы. Осы істегі оның негізгі мақсаты — халыққа қызмет ететін білікті, білімді азамат тәрбиелеу, олардың неғұрлым жан-жақты дамуына көңіл бөлу. Сол себепті де өз оқулықтары мен бағдарламаларында, оқыту ісі жөніндегі мақалаларында мұғалімдерден әрбір сабағын ұқыпты ойластырып, білім беру мен тәрбиелеу тәсілін жетілдіре беруді, шәкірттердің ақыл-ой дамуын адамгершілік қасиетпен тығыз байланыстырып отыруды талап етті.

1920-30 жылдарда оқулық, оқу құралдары енді-енді ғана пайда болса, педагогикалық әдістемелік еңбектер, дидактикалық құралдар атымен жоқ болатын. Сол себепті де ол «оқыту оңайдан қиынға, жайдан күрделіге», «жаңадан ұмытылған ескіге қарай» деген принципке негізделуін ұсынды. Сөйтіп оқытудың мақсаты: шәкірттердің ойлауына, толғануына, пікір таластыруына ықпал ету; дүниеге деген көзқарасын қалыптастыру; эстетикалық талғамын тәрбиелеу; оларды кұр тыңдаушыдан білімді өз еңбегімен алушы, ізденуші дәрежесіне жеткізу деп түсінген педагог.

М. Әуезовтің жастар тәрбиесіндегі мұғалімдердің алатын орны туралы жүйелі пікірлері ерекше назар аударады. Оқытушылар, М. Әуезов ойынша, заман талабын дұрыс түсінген, адам баласының қас жауы надандық пен қараңғылыққа, қапастыққа қарсы күресуші, адамзаттың өткен тарихындағы барлық мәртебелі де, игілікті істердің жалғастырушылары болуы шарт. Олардың идеялық шыңдалуы, саяси кемелденуі, аса жоғары жауапкершілік сезіммен қатар ізгілік, интелектілік, моральдық тазалығын, өзін-өзі ұстау, байыптылық, білімнің түрлі саласынан хабардар болу, шәкірт психологиясын терең білу, педагогтік техниканы жете меңгеру, оптимизм т.б. жеке қасиеттерді бойына дарытуы қажет дейді.

М. Әуезов өзінің көптеген ғылыми мақалаларында, сөйлеген сөздерінде мектепке нәтижелі жұмыс жасауы үшін оқытушының бойында білім мен біліктен басқа, педагогикалық қызметке деген табиғи бейімділік, зор талап, терең талғам мен ұғымдылық, ынталылық қажет екендігін ескертіп отырды. Өйткені оқытушы өзінің жұмысына селқос қараса, шәкірттерді шын жүрегімен сүймесе, ол жұмысы да ықылассыз болады. Ал ықылассыздық пен енжарлық, дөрекілік пен менмендік бірімен-бірі жақын тұрған адамгершіліктің көмескі жақтары ғана емес, тәрбиенің де жауы.

М. Әуезов ерекше талап еткен шарттардың бірі- мұғалімдердің дұрыс ойлау және соған орай дұрыс сөйлеу мәдениеті. Бұл үлкен өнерді бойына дарытуды әрбір мұғалім мақсат етуі керек. Осыған байланысты ол кейбір мұғалімдердің сөйлеу және ойлау мәдениеттерінің төмендігіне қынжылады. Мұндағы ұстаз қояр талаптар: ойдың жүйелі, әрі дәйекті болуы, ойлаудың ақиқаттығы және шындығы, яғни адам ойының болмысқа сай келуі, кез-келген айтылған ойдың бір ізді жүйелі, тұжырымды болуы. Бұлардан басқа ұстаз ойынша ой мен тіл бірлікте болады. Ал тіл ұлттық мәнге ие, ойлау болса, жалпы адамзатқа тән. Осы жағынан алғанда, М.Әуезовтің Шығыс халықтарының ойлау жүйелері, сөйлеу мәнерлері туралы пікірлері ғылым үшін құнды. Бұны оның фольклорлық зерттеулерінде, оқулық бағдарламаларын жасауда, әсіресе «Әдебиет тарихы» оқулығын жазуда басшылыққа алғаны белгілі. Шығыстық философияның, ойлау жүйесінің биік шыңы М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы десек қателеспейміз.

М. Әуезов логика мен психология ғылымдарының өзара қарым-қатынасы жайлы айта келіп, бұларды әрбір оқытушы, жастар тәрбиесіне қатысты барлық адамдар білуі парыз дейді. Оларды терең игерудің негізгі жолы тәрбиешінің қазақтың халық педагогикасының негізін білуінде, ал оның қайнар көздері халықтың ауыз әдебиетінде, фольклорлық шығармаларында деген пікір айтты. Осыдан келіп, ол әдебиет пәні мұғалімдеріне қазақ халқының ауыз әдебиетінде, фольклорлық шығармаларын терең талдап, мазмұны, мән-мәнісін тереңірек зерттеп білуді, сол жолды оқушыларға ұқтыруды ұсынады.

Халқымыздың тарихи даму жолында өмір тіршілігінің сан-саласын қамтитын мақал-мәтелдердің бірсыпырасы адамның ойлау жүйесіне, сөйлеу мәдениетіне, іс-әрекет сипатына қатысты. Дарынды ұстаз тек оқу мәселесі жөнінде жалаң пікір айтушы теоретик қана емес, сол іске тікелей араласқан практик те болды. Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынборға басшылық қызметке ауысқан М. Әуезов 1922 жылғы сәуір айының аяғында Семейге сапар шегеді. Ұзаққа созылған бұл сапарында оқу мәселесі төңірегіндегі істерге де тікелей араласады. Мәселен, 1922 жылы «Семей губерниялық оқу бөлімінің ақша-қаражат жағдайы туралы» мәселе қаралған губерниялық мәслихатқа қатынасса, мектеп үйлеріне бұрын кіріп алған мекемелер оларды тез арада босату мәселесін жедел шешуге кіріседі. Мектепте бала оқытпағанмен, М. Әуезов бүкіл өмір бойы оқу ісі, оқыту мәселелері, ұстаздық ету төңірегінде ұлағатты пікір айтып, мол мұра қалдырған ойшыл ұстаз болды.

1923 жылы желтоқсанда Ленинградтан Семейге келген М. Әуезов мәдени-ағарту қызметкерлерінің жетіспеуіне байланысты осында қалдырылады. Қазақ педтехникумында қазақ әдебиеті тарихынан, әдебиет теориясынан, қазақ, орыс әдебиетінен және Ресейдегі революциялық қозғалыс тарихынан лекциялар оқиды. Ұстаздық жолын алғаш рет осылай бастаған ол 1954 жылы МГУ-дің СССР халықтары әдебиеті кафедрасының профессоры болып, қазақ әдебиеті тарихынан лекциялар оқуға дейін жалғастырады.

Ол Семей губерниялық оқу бөлімі жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшесі болған. 1925 жылы 8 қаңтарда «Ауыл» газетінде жарияланған «Бәрекелде» деді ме екен? мақаласында М. Әуезов қазақ даласындағы ауыл мектептерінде оқыту жұмыстарының нашар дәрежеде екендігін, оны бақылайтын оқу инспекторларының өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарайтындықтарын қатты сынға алған. Сондай-ақ «Абай» журналының 1918 жылғы 11-санында «Оқу ісі» атты көлемді мақаласын жариялап, онда ұлт мектептерін ашудың қажеттігін нақтылы дәлелдей келіп, оның кезек күттірмейтін мәселе екендігіне тоқталған. Алайда, ол кезде ұлттық мектептерді аша салу оп-оңай іс еместі. Сондықтан, М. Әуезов сол кезде мектеп ашу үшін ең басты кедергі болып табылатын үш түрлі жағдайды атап көрсеткен. «Бірі – бастауыш мектептердің бәріне мұғалім жоқтығы; екіншісі – оқу құралдарының жоқтығы, үшіншісі – ілгері оқитын мектептердің жоқтығы, һәм тез уақытта бола алмайтындығы».

М.Әуезовтің пайымдауынша, мұғалімдер, жалпы жастар тәрбиесіне қатысты қауым, халық даналығы, мақал-мәтелдер арқылы әрбір нәрсенің, құбылыстың шындығына тәрбиеленушінің көзін жеткізіп, оның ақиқаттығын олардың санасына ұялатудың қуатты құралы етіп қолданулары керек.

М.Әуезов – мейлінше прогресшіл, өмірден үйренгіш, жаңаны сезгіш, болашақты болжағыш ойшыл ғалым-ұстаз. Ол – республика халық ағарту саласына айтулы үлес қосқан, асқаралы ағартушылардың бірі. Мұны біз оның қоғамдық өмірдің әр саласында атқарған істерінен де, көркем шығармаларынан да, ғылыми және публицистикалық еңбектерінін де айқын көреміз.

Әдебиеттер тізімі:

Баймолдаев Т., Сәдуақасұлы Ә. Педагогикалық көзқарас және қазіргі мектеп: (М. Әуезовтің оқу және оқыту, тәлім-тәрбие жұмыстарына қосқан үлесі туралы // Ұлағат.- 1997.-№ 3- 6-10 б.
Солтиева Ж. Ғұламаның бір қыры ( М.Әуезовтің ағартушылық қызметі туралы) // Егемен Қазақстан.- 1997.- 16 тамыз.
Тайжанов А. М.Әуезовтің педагогикалық мұраларынан // Қазақстан мектебі.- 1995.-№ 1-2.- 63-65 б.
Тайжанов А. М. Әуезовтің педагогикалық-философиялық ойлары // Қазақстан мектебі.- 1984.- № 6.- 65-68 б.