Педагогикалық көзқарасы

s23   М. Әуезов ерекше талап еткен шарттардың бірі- мұғалімдердің дұрыс ойлау және соған орай дұрыс сөйлеу мәдениеті. Бұл үлкен өнерді бойына дарытуды әрбір мұғалім мақсат етуі керек. Осыған байланысты ол кейбір мұғалімдердің сөйлеу және ойлау мәдениеттерінің төмендігіне қынжылады. Мұндағы ұстаз қояр талаптар: ойдың жүйелі, әрі дәйекті болуы, ойлаудың ақиқаттығы және шындығы, яғни адам ойының болмысқа сай келуі, кез-келген айтылған ойдың бір ізді жүйелі, тұжырымды болуы. Бұлардан басқа ұстаз ойынша ой мен тіл бірлікте болады. Ал тіл ұлттық мәнге ие, ойлау болса, жалпы адамзатқа тән. Осы жағынан алғанда, М.Әуезовтің Шығыс халықтарының ойлау жүйелері, сөйлеу мәнерлері туралы пікірлері ғылым үшін құнды. Бұны оның фольклорлық зерттеулерінде, оқулық бағдарламаларын жасауда, әсіресе «Әдебиет тарихы» оқулығын жазуда басшылыққа алғаны белгілі. Шығыстық философияның, ойлау жүйесінің биік шыңы М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы десек қателеспейміз.

М. Әуезов логика мен психология ғылымдарының өзара қарым-қатынасы жайлы айта келіп, бұларды әрбір оқытушы, жастар тәрбиесіне қатысты барлық адамдар білуі парыз дейді. Оларды терең игерудің негізгі жолы тәрбиешінің қазақтың халық педагогикасының негізін білуінде, ал оның қайнар көздері халықтың ауыз әдебиетінде, фольклорлық шығармаларында деген пікір айтты. Осыдан келіп, ол әдебиет пәні мұғалімдеріне қазақ халқының ауыз әдебиетінде, фольклорлық шығармаларын терең талдап, мазмұны, мән-мәнісін тереңірек зерттеп білуді, сол жолды оқушыларға ұқтыруды ұсынады.

Халқымыздың тарихи даму жолында өмір тіршілігінің сан-саласын қамтитын мақал-мәтелдердің бірсыпырасы адамның ойлау жүйесіне, сөйлеу мәдениетіне, іс-әрекет сипатына қатысты. Дарынды ұстаз тек оқу мәселесі жөнінде жалаң пікір айтушы теоретик қана емес, сол іске тікелей араласқан практик те болды. Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынборға басшылық қызметке ауысқан М. Әуезов 1922 жылғы сәуір айының аяғында Семейге сапар шегеді. Ұзаққа созылған бұл сапарында оқу мәселесі төңірегіндегі істерге де тікелей араласады. Мәселен, 1922 жылы «Семей губерниялық оқу бөлімінің ақша-қаражат жағдайы туралы» мәселе қаралған губерниялық мәслихатқа қатынасса, мектеп үйлеріне бұрын кіріп алған мекемелер оларды тез арада босату мәселесін жедел шешуге кіріседі. Мектепте бала оқытпағанмен, М. Әуезов бүкіл өмір бойы оқу ісі, оқыту мәселелері, ұстаздық ету төңірегінде ұлағатты пікір айтып, мол мұра қалдырған ойшыл ұстаз болды.

1923 жылы желтоқсанда Ленинградтан Семейге келген М. Әуезов мәдени-ағарту қызметкерлерінің жетіспеуіне байланысты осында қалдырылады. Қазақ педтехникумында қазақ әдебиеті тарихынан, әдебиет теориясынан, қазақ, орыс әдебиетінен және Ресейдегі революциялық қозғалыс тарихынан лекциялар оқиды. Ұстаздық жолын алғаш рет осылай бастаған ол 1954 жылы МГУ-дің СССР халықтары әдебиеті кафедрасының профессоры болып, қазақ әдебиеті тарихынан лекциялар оқуға дейін жалғастырады.

Беттер: 1 2 3