Әуезовтің шығармашылығы

Мұхтар Әуезов шығармаларының көркемдік ерекшеліктері

s01    Мұхтар Әуезов қазақ әдебиет тарихында қалыптасқан озық дәстүрлерді алға апарушы, ілгері дамытушы болды. Осы жолда ол әдебиет тарихын зерттеуші, сөз өнеріне аса зор үлес қосқан жазушылығымен, жаңа сапада жазылған тың шығармаларымен қазақ әдебиетінің мәртебесін жаңа биіктерге көтерді.

Ұлы суреткердің шығармаларының қуатты, арналы мол саласы – оның прозалық туындылары. Ол «Қорғансыздың күні» (1921) деп аталатын алғашқы әңгімесі арқылы-ақ өзінің суреткерлік дарынын айқын танытты. Әңгімеде бас кейіпкер Ғазизаның күйзелісі табиғаттың ызғырық боранымен астастырыла суреттеледі. Әуезов адам бойындағы пәктік пен сұлулықты әділетсіздік пен азғындыққа қарсы қоя жарыстыра суреттеу арқылы қазақ әдебиетінде классикалық психологиялық прозаның үлгісін әкелді. Әңгіменің жанрлық табиғатына тән сюжеттік-композициялық тұтастықтың шебер өрілуі, уақыт пен кеңістіктің аясында негізгі кейіпкерлердің жан дүниесін аша білуі қазақ әдебиетіне көркемдік стилі өзгеше дара суреткер келгендігін байқатты.

Жазушы келесі «Оқыған азамат» (1922) әңгімесінде өзінің азаматтық мұратын аңғартты. Оқыған адамның бәрі парасатты бола бермейді. Әңгімедегі басты кейіпкер бойындағы ұқсастық, келісімпаздық, сатқындық сияқты ұнамсыз қылықтарды көркемдік әдістермен әсерлі бейнелеу арқылы жазушы қазақ зиялы қауымының халық алдындағы жауапкершілік әлеметтік мәселе деңгейіне дейін көтерген.

Қазақ жазушысының «Қаралы сұлу» (1925) әңгімесі прозаның озық үлгілерінің бірі. Жастай жесір қалған келіншек Қарагөздің әңгіменің шарықтау шегіндегі саналы және санасыз әрекеті, жан қуаты мен тән қуатының арпалысы шебер суреттеледі. «Қыр суреттері», «Жетім», «Кім кінәлі», «Ескілік көлеңкесінде», «Сөніп-жану», «Кінәмшіл бойжеткен», «Іздер», «Бүркітші» т.б. әңгімелері – Әуезов прозаның шағын жанрының шебері екендігін көрсетеді. Жазушы шығармаларында көп желілік, адам әрекетін әлеуметтік-қоғамдық жағдайлармен астастыра келіп, кейіпкер психологиясының терең иірімдерін, табиғат суретін, халықтың тұрмыс-тіршілігі тынысын, ұлттық мінез-құлықты мейлінше қанық, толық беру тән.

Әуезовтің 1920 жылдардың соңында жазған «Қараш-Қараш оқиғасы» (1927), «Қилы заман» (1928), «Көксерек» (1929) аталатын үздік повестері проза жанрындағы ерекше көркемдік құбылысы болып табылады. Әңгіме жанры арқылы көрінген суреткерлік қуат бұл повестерде қанатын кең жайып, ашыла түскен. «Қараш-қараш оқиғасының» басты кейіпкері Бақтұғыл – рухы биік тұлға. Ар-намысын, адамдық қасиетін таптаған Жараспайды атып өлтіреді. Кісі өлтіру – адам күнәләрінің ішіндегі ең ауыры. «Қараш-қараш оқиғасы» повесінде әлеуметтік-әділетсіздікке қарсы шыққан қайсар жігіттің образы сомдалып, ішкі арпалысы тереңдігімен тәнті етеді. Табиғаттың өзі басты кейіпкер Бақтығұлдың ішкі психологиялық арпаласымен астасып, өзгеше көркемдік тұтастық құрайды.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27