Әуезовтің шығармашылығы

s24    Құнанбай романда ірі қимыл, қайрат адамы болып көрсетіледі. Ол бір нәрсеге бел байласа, оны орындамай, аяқтамай тынбайтыны, ештеңеден іркілмейтіні, тайсалмайтыны мына бір оқиғадан байқалады. Құнабайдың үстінен арыз түседі. Ол арыз қағаздар Майырдың қолында. Орыс арақсыз отырған ба? Құнанбай Майырды араққа тойғызады да, оның қолынан қатты қайырып ұстап тұрып, Мырзаханға қағазды өртеуге бұйрық береді, сөйтіп, оның көкжалдығын тағы да тани түсесің.

Құнанбай әкімшілік – аға сұлтандық мансап-дәрежесін, ақыл-айласын өз құлқыны үшін кәдеге де жарата біледі. Реті келген жерде қылғып жұта береді. Бір Қарқаралы сапарынан олжаға шаш етегінен батады. Жазушы осы тұста әділетсіздікке жақтаушы Абайын тағы да сахнаға шығарады. Әкенің мынау олжасының сырын білген ол, өз-өзінен қысылады. ”Не деген ұят?”,- дейді Абай көңілі.

Құнанбайдың алаған қолы береген де. Ол асай да біледі, асата да біледі. Әйтпесе ол Құнанбай атана ма, аға сұлтан бола ала ма, Баймұрын, Бөжей, Байсалдарды жеңе ала ма? Құнанбайдың арқа сүйері Алшынбай сияқтылар болса, екінші таяныш-тірегі патша әкім-ұлықтары. Сондықтан олардың көмейін тығындау, қалтасын мығып отыру керек. Ол патша әкімдерін сатып алуға болатынын жақсы біледі. Жазушы патша әкімдерінің ақша, дүние құлы, қалта құлы, парақорлық, уақтық мінезін, құлқын құлдарының жемтіктестігін бір-бірін қас-қабағынан, ым-жымынан танитынын орайлы ашқан.

Жасы ұлғайған, қайраты мұқала бастаған, ел ішіндегі билік тізгінін ұстау барған сайын қиындай бергенін сезінген Құнанбай енді сол елді әлі де уысынан шығармаудың басқа бір айла-амалын ойлайды. Бұл кезде енді Құнанбай бұрыңғы қасқырлығын қойғандай, сопылық күйіне қарай ойысқандай. Елмен, жұртпен сыйпатты сөйлесіп, мүләйімсіген кейпін байқатады. Жазушы Құнанбайдың сол сәттегі қалпын ”бет-ажарында қобалжу жоқ. Өз ойын өзі қинап, алаң біткенкісі емес… ойлы, салқын көзбен айнала жұртты шолып өтті… жалғыз көзін салмақпен қадай отырып, сөйлеп кетті” деп сабырлы, салмақты Құнанбайды алдымызға тартады. Ол балаларына, туған-туыстарына, дос-жарандарына арнайы айтқан аттанар алдындағы қоштасу сөзінде өте ұстамдылық, байсалдылық көрсетеді. Сөздері де мығым, алыс жолға, қиын-қыстау сапарға аттанып барам-ау деген үрей, қорқыныш сезілмейді, қайта салмақты. Қайта бәріне тоқтау айтып, өтірік мүләйімсиді.

Ал, Дәркембайға ашулану тұсындағы Құнанбай кейпін суреткер асқан бір шеберлікпен суреттеген: ”…Құнанбайдың момын жүзі мүлде жоғалып кетті. Бұрынғы жаулық шабуылдар үстінде көгеріп, түйілетін ашуын қайта тапты. Бұл кезде жыртқыш тағылардың тісті, тырнақтылары болса, солардың гүрілдеп шыққалы тұрған, іреп сойғалы тұрған, қатал тағылық кескініне келді” деп даланың жыртқыш қырдың бейнесін елестетеді. Бұл романдағы сан алуан оқиғалар үстінде көрінген өзіміз білетін кекті, күшті Құнанбай. Әлгінде ғана сопылық мүләйімсуден нышан қалмаған, көлгірсу, бүкпелеуі жоқ, жаулық кейпіне қайта оралған Құнанбай ғана бар.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27