Әуезовтің шығармашылығы

М. Әуезовтің «Қараш-Қараш» повесі

s16   Мұхтар Әуезовтің қай шығармасын алсақ та, қазақ халқының тарихының елеулі кезеңдерін қамтитынын көреміз. Жазушының алғашқы шығармасының бірі – «Қараш-Қараш» оқиғасы атты повесі 1927 жылы жазылды. Мұнда Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ ауылының айқын картинасы, таптық сананың, стихиялы түрде болса да, аздап ояна бастағаны суреттеледі. Аталған шығармадағы басты кейіпкер Бақтығұл өмірде болған адам. Қаламгер патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін 10 жыл абақты жұмысына кесіліп, Сахалинге жер аударылған Рысқұл Жылқайдаровтың (Тұрар Рысқұловтың әкесі) прототипі етіп Бақтығұлды алған. Осы шығарма жайында пікір айтқан белгілі француз жазушысы Андре Стильдің: « … еркіндік сүйгіш, ер көңілді Бақтығұлдың жеңістері мен қателіктерінің өзі де азаттық пен адам ұлылығын бейнелейді»–деп тамсана да таңырқай жазуы М. Әуезовтің бұл туындысының тарихи құндылығына дәлел боларлық баға.

Повестің бас кейіпкері Бақтығұл бейнесі арқылы дәуірдің қиын да қым-қиғаш қарама-қайшылығы бостандық аңсаған халық арманы мен жаңаша көзқарасы идеялық-көркемдік тұрғыда танылады. Бақтығұлдың өмір құбылысын аңғара түйсінуі арқылы драматизмі мен күрес жолдары сан сала тұтас әлем ашылады. Басынан кешкен тағдыр тауқыметі, жеке драмасы Бақтығұлды тартысқа толы күрделі өмірді тануға, бойындағы қуат-күшін жаңадан безбендеп, өзін-өзі адам ретінде сезінуге, әділет үшін күреске жетелейді. Тумысынан құлдықпен қаналуға жаратылғанмын дейтін қалыптасқан ой-сезімінен арылып, өз қадір-қасиетін сезіне бастағаннан кейін-ақ, тіршілігінің келелі кезеңі басталады. Аса маңызды бұл процесс повесте кең тарихи перспективада көрсетіледі. М. Әуезов патриархалдық санадан оңай құтыла қоймаған көшпелінің жан дүниесі диалектикасын шыншылдықпен көркем аша білді.

Шығармадан үзінді келтірер болсақ, «Бақтығұлдың есінде сайрап тұрған нелер арманды, өксікті күндер бар. Нағашы дегенді іздеп барып, бұлар жиен боп жетіскен жоқ-ты. Қозыбақ ауылы деген Бүрген болысындағы малды-басты жуан ауылға екі бірдей малай боп, өзі қой бақты, он жасар інісі қозыға салынды. Содан міне – тап былтырғы өткен күзге дейін табандатқан жиырма жыл бойында Бақтығұл да, Тектіғұл да Қозыбақ ауылының кенжесі – Сәлмен дейтін сотқар байдың малайы болды. Қойшыдан асқанда қолы жеткені жылқышылық еді. Он жеті-он сегіз жыл бойында Бақтығұл Сәлменнің мыңға тарта жылқысының сан жүзін тудырып-өсіріп, сан айғыр үйірін тыңнан салғызып, әлденеше кәрі бие, ат-айғырын қартайтып, қысы-жазы байдың жылқысының соңында болды» (М. Әуезов 20 томдық шығ. жинағы 2 т. 45 б).

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27