Әуезовтің шығармашылығы

s16    Повестің сюжеті бас қаһарманның идеялық эволюциясын ашады. Алғашқы беттерден бастап-ақ Тектіғұлдың басына түскен ауыр зәбір-жара кеңінен баяндалады.

«Тектіғұл міне – бүгін отызда. Әлі үйленген де жоқ. Екеуін бірдей сотқар мінезді Қозыбақ ауылы кейде бір елмен барымталасса, қолдарына шоқпар, астарына жүйрік ат беріп, жортуыл бейнетке – соғысқа да салатын. Қозыбақ ауылының Сәлменнен үлкен ағасы – Сәт болыстыққа таласып, талай партия сайлауда әлденеше қырғын-жойқын төбелес жасатты. Соларда Сәт Сәлменнің исі Қозыбақтың «қара сойыл, дөйір жігіттері шетінен жойқын» десіп, өзге жасақшылар сескене сөйлегенде, Бақтығұл, Тектіғұлды еске алатын. Бұларды кейде қорлай, мазақтай сөйлеп, «екі құл, қос құл» десетін».

«Қысы-жазы ағайынды екі жігіттің еңбегі, ер қайраты кіргізетін кіріс қаларлық болса да, Сәлмен осы екі жігітті талай жылдар өзге малайлары тәріздендіріп, ақы бермей жұмсап жүрді». Сәлмен байдың көпе-көрнеу айуандығы Бақтығұлдың әділетсіздікті түсінуіне себеп болды. Рас, басында оған бұл хайуандық тек осы бір ауылда бітеу шыққан жара сияқты көрінеді. Ескі түсініктің шырмауындағы Бақтығұл өздеріне жасалған қатыгездіктің себебін інісімен екеуінің келімсек-кірмелігінен деп ұқты. Түптеп келгенде , Тектіғұлды өз қолымен өлтірген бай өз кінәсін мойындауды былай қоып, жоқшылыққа ұшыраған Бақтығұл үйіне қол ұшын да бермеді. Бұл жайында шығармада «…Бақтығұл аттан түспестен, айналаны шарлап, шапқылап айғай салып, Тектіғұлды іздеген. Бірақ таң атқанша таппаған. Ауылда иіруде қалған жылқы дауылдан үркіп – ол босап, иен далаға шашырай жоғалған-ды. Бақтығұлдың малды тастап, інісін іздегенін; тағы Тектіғұлдың ұшып өлгелі жатқан жерінен тауып алып, артына мінгестіріп әкелгенін білген Сәлмен Бақтығұлды және де әке-бабадан боқтап, қамшының астына алған. Бақтығұл Сәлменнен тілін тартпай, Тектіғұлды ақтап: «Жанымнан садаға кетсін сенің арамнан жиған малың! Құлағын ұрайын. Мен де айтамын соны», – деген, тілін тартпаған-ды. (М. Әуезов 20 томдық шығ. жинағының 2-томы, 39 бет)

Кекті ызаға шомылып, қаһарға мінген батырақ көңіліне қаяу түсірген бай жылқысын барымталады. Табиғи, шыншыл баяндалған қазақ та қиын әңгіме оқырманды әлде не болар екен деген ауыр күйге түсіреді, қатты әсер етеді. Ескі ауылдың сан-сала тіршілігіне араласқан Бақтығұл бейнесі жан-жақты ашылады. Тумаларымен, ел билеуші шонжар байлармен ара-қатынасы кейіпкердің рухани эволюциясын аша түседі.

Повестің кейіпкерлері – тарихи адамдар, олардың қимыл-әрекеттері де барлық реалдық күрделілігімен, шыншыл қалпында, тіршілік еткен орта жағдайымен кеңінен суреттелген.

Повестің сюжетінде бас қаһарманның рухани дамуының үлкен екі кезеңі белгіленген. Олар – Тектіғұлды өлтірген Сәлменге деген наразылық және Жарасбайға қарсы кек алу жолына түсуі. Алғашқы наразылық Сәлменнің Бақтығұлды қатал соққыға жығуымен аяқталады. Талай тепкіге тап болса да, бас кейіпкер заманның қыры мен сырын әлі толық түсініп болған жоқ, ол жәбірленушіден жеке басының кегін алуды ойлайды.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27