Әуезовтің шығармашылығы

s16   «Жарасбай – құр ғана болыс емес. Болыстықпен ғана бедел, салмақ тапқан кісі емес. Әрі бай, ерте күннен ұлыққа беделді, саудасы да бар; «ер мықты» деп көпке аты жайылған адам. Мұны айтса, қолынан жақсы-жаман бірдей келеді, келгенде де молынан келеді. Маңайдағы басқа болыс, хажы, бай, мырза дейтіндердің бәрінен де мұның атағы басымырақ» (т.2 62 бет).

Үзінді Бақтығұл мен Жарасбайдың болашақ ара-қатынасын терең түсіндіреді. Егер Сәлмен қатал да сараң, мал үшін кісі өлтіруге тайынбайтын адам ретінде көрінсе, Жарасбай – оған қарама-қарсы, әлдеқайда күрделі тұлға: оңай уысқа түспейтін, қалтарысы мол.

Повестің екінші бөлімінде кейіпкер эволюциясы мейлінше кең әлеуметтік фонда өтіп жатады. Бақтығұлдың жеке басының тартысы әлеуметтік мазмұн, сырмен қоюлана түседі. «Қараш-Қараш» оқиғасында кейіпкер көзқарасына ықпал етуші халық бейнесі бірінші рет кеңінен көрсетіледі. Жарасбай мен Бақтығұл арасындағы шебер суреттелген қарым-қатынас революция алдындағы ауылдың сыр-сипатын – әлеуметтік жағдайын ашады.

Алғашқы кезде Жарасбай жаңа «досымен» жылы-жылы сөйлесіп, жарқын қарсы алғандай, тіпті өзімен дастархандас етеді. Жарқын ықылас, жақсы көңіл үшін Бақтығұл ер қанаты – тұлпарын да, өмірін де иесінің жолында құрбандыққа шалуға әзір. Риза болған Бақтығұл Жарасбайдың ұлына өзінің айтулы жорғасын сыйға тартады. Жарасбай да Бақтығұлға шын пейіл білдіретін сияқты: ішіп-жемнен қарайласады, жұмыс береді, егін егуіне рұқсат етеді, Бақтығұлдың ұлына өзінің балаларымен бірге оқу мейірімін жасайды. Жарасбайдың іш есебі бар, қалайда өр көкірек жігітті айтқанына көндіру – бас нысанасы. Болыстың дос-жарандары жаңа кірменің көңілін орнықтырар сөздерін де аяған жоқ. Бай мен оның сыбайластары торға түскен Бақтығұлдың жағдайын өте ұтымды пайдаланады. Туған ауылынан қуылған Бақтығұлға Жарасбай құтқарушы қыдырдай көрінеді.

Күз түсті. Болыс сайлауы туралы хабар тарады. Жарасбайдың Бақтығұлға неге пана, дос болғандығы да аңғарыла бастады. Жазушы болыстық үшін қиян-кескі тартыс-таластың сұрапыл түрлерін эпикалық кең суретпен баяндайды. Жарасбай Бақтығұлды барымтаға жұмсайды – сайлауға көп-көп шығын, қаржы керек еді. Байдың алдауына түскен Бақтығұл алыс ауылдарға шапқыншылық жасап, бай шығынының орнын толтырып отырды.

Болыстыққа сайлана салысымен Жарасбайға Бақтығұлдың керегі болмай қалады. Тіпті бұрынғыдай таныс-достық қауіпті бола берді. Өйткені малы ұрланғандардың шағымы бойынша патша чиновниктері ұрыларды іздестіруге мұқият кіріскен еді.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27