Әуезовтің шығармашылығы

s14    Отаршылар жасаған зорлық, істеген сұмдықтарды жіпке тізгендей етіп ұлықтың бетіне соғады. Халық ашуы, халық ызасы кескекті ердің аузынан оттай ыстық сөз болып шығады. Осы тергеу үстінде Жәмеңкенің характері, оның азаттық сүйгіш үлкен жүрегі, ешкімнен шайлықпаған жасын, тізе бүкпес асқақ ерлігі көрінеді.

Шығарма ерекшеліктерінің бірі – көпшілік сценалары айрықша шеберлікпен жазылған. Адамдар психологиясы, әртүрлі толқын, алтыбақан ала ауыздық, стихиялық – осы сияқты көтеріліс характеріне тән сипаттар, көптеген жәйттар көпшілік көріністері арқылы бейнеленген.

Жазушының бейнелеп отырған өмір құбылыстарына деген ықылас-пейілі, сезім-түйсігі, авторлық көзқарасы, қаламгерлік тұғыры кейіпкерлер тұлғасын сомдау үстінде үнемі айқын-ашық көрініп отырады. Тұтастай алғанда, реалистік прозаның негізгі принциптерін қатаң сақтап, биік көркемдік нысананы меңзей отырып, жазылған шығарманың басты байлығы – сан алуан ерекшеліктері бар, бірін-бірі қайталамайтын, ұлттық бояуы қанық мінездер, тұлғалар шоғыры. Солардың ішінде халық қысылып, тығырыққа тірелгенде, сөзіне ден қойып, байлауына тоқтайтын, елдің тағдырын шешетін, билік айтатын, негізінен екі кісі бар: бірі – Жәмеңке би, екіншісі – Ұзақ батыр.

Жәмеңке жасы жетпіс бестен асқан, өмірдің ащы-тұщысын түгел көрген, дәстүр-салтты бес саусағындай білетін, ел жорасының майталманы, көмейі бүлкілдеген шешен, азаттық жолында жанын беретін, қазақ едінің тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы күрескен ескі билердің соңғы тұяқтарының бірі.

Қазақ ауылындағы таптық жіктеліс Рахымбай болыс, Оспан тілмаш, оған қарсы топ Жәмеңке, Ұзақ, Жанпейіс, Ыбырай араларындағы қайшылықтан танылады. Рақымбай – орта жастардағы, шала-шарпы орысшасы бар, пысық болыс. Патша отаршыларымен оның ым-жымы, ұрлық-қарлығы бір, солардың қолтығында жүреді. Жігіт алу кезінде халықты көзге алдап, сыртынан сатып жіберу – табыиғатына жарасымды қылық. Рақымбай мен Оспан тілмаш та опасыз. Бір әкенің баласы батыр Ұзақ, Түнқатар арасы керағар. Ұзақ – көтеріліс басшысының бірі. Түнқатар мал беріп, пара беріп жанын алып қалу пендешілігімен әуре. Бұл екеуі туысқандай емес, бір-бірімен ата жаудай.

М. Әуезов қилы заманға тап болған қазақ елі әлеуметтік топтарының да ішкі жіктерін көрсете алған. Әрі олардың бәрі қалыптасқан характер ретінде бейнеленген. Романда характер эволюциясы емес, қалыптасқан характерлердің қиын жағдайлардағы іс-әрекеті, ойлары, сезімдері бейнеленеді. Мысалы, романдағы Жәмеңке, Ұзақ, Ақжелке, Рахымбай, Түнғатар, Дәулетбек, Оспан т.б. сөзі, ойы, сезімі ғана емес, мінез-құлқы, қимыл-әркекетіне дейін даралана бейнеленеді.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27