Әуезовтің шығармашылығы

М. Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы

s15    «Хан Кене» трагедиясы туралы қарама-қайшы пікірлердің тууы, оның объектісі мен тақырыбына, тарихи тұлғаны драматургтің қалай көрсеткеніне тікелей байланысты. М.Әуезов «Хан Кене» трагедиясында өмірі де, өлімі де шырғалаңға толы ірі тарихи тұлғаны терең зерттеп, бейнелеуге батыл қадам жасады. Тұлға мен заманның, дәуір мен тағдырдың, тұлға мен халықтың қарым-қатынасын әдеби бейнелер арқылы көрсетіп, қазақ ұлтының тарихи болашағын толғанып ой жібереді.

М. Әуезов Кенесары образын жасауда 19 ғасырдың ортасындағы саяси-әлеуметтік жағдайларды терең зерттеп, көрермендерге жауап ретінде ол туралы: «Пьесаны жазардан бұрын көп материал жинадым, Кене хан қозғалысының тарихын білемін деп сеніммен айта аламын. Орынбордың, Омбыдағы Сібір ведомствосының материалдарын зерттедім –деп ой қорытады.

М.Әуезов те тарихи тұлғаға осы ой қазығы тұрғысынан келген. Рас, шығармада он жылға созылған көтеріліс оқиғалары толық қамтылмайды. Жанр талабы оны қажет етпейді. Осы ретте шебер драматург Кенесары басындағы осы маңызды, тартысты кезеңдерді таңдаған. Ол – Кенесарының хан сайлануы, бүйірін отаршылдықтың темір құрсауы қыса түскен халықтың күйзелісі, азаттықтың аңсаған тілегі, көтеріліс сәттері, жорықтар, елшілік хабарлар, бас кейіпкерлер өмірінің трагедиялық сәті.

Ең алдымен Мұхтар Әуезов қазақ әдебиетінде қазан төңкерісіне дейінгі халық тарихының шежіресін жасауда ерлікке барабар батыл қадам жасады.

Көркемдік қасиеттеріне келгенде «Хан Кене» пьесасының көп сарындылық, полифониялық сипатын ерекше атап айту керек. Халық өмірінің ең бір күрделі, қанды кезеңіне арналған трагедиялық үлкен шығарма үшін бас аяғы жиырма екі кейіпкердің ғана алынуы туындының мейлінше ықшамдылығын көрсетеді. Прологы бар, бес пердеден, ұзын саны қырық жеті көріністен тұратын бұл пьеса драмалық жанрдың композицияға, характерге, психологиялық талдауға қоятын ең басты шарт –талаптарына жауап береді.

Трагедияда Кенесарының хан сайлану салтанатын былай қойғанда, негізінен, ұлт-азаттық қозғалысының соңғы кезеңі, оқиғаның оңтүстік өлкеде өрбуі бейнеленеді. Сондықтан, орыс әскерлерімен арадағы шайқас, қазақ ішіндегі соғыстар, Қоқанмен қақтығыс оқиғалары жоқ. Мұның бәрі бір драмалық шығармаға сыймайды да. Оның есесіне қазақ-қырғыз қатынастары ешбір бүркемесіз барлық ащы шындығымен айқара ашылады. Қазақ рубасыларының еркіндік, азаттық, тәуелсіздік жалауының астына топтай алмаған Кенесарының қырғыз манаптарына да бұл ойы өтпейді. Патша өкіметінен жасырын көмек алған, әрі қоқандықтармен ауыз жаласқан, Дулат басшыларымен жең ұшынан жалғасқан Орман, Жанқараш, Жантайлармен бейбіт мәмілеге келмеген соң, күшпен тізе бүктірмек болған Кенесары – Наурызбай қосындарының кейбір шектен асқан зорлығы қырғыздың қара қауымын да шапқа түртіп, өшпенділік отына май құйған. Қырғыз елшілері Жаманқара, Кәрібоз осы шындықтарды хан Кенеге бетің бар, жүзің бар демей, көзге қамшы соққандай етіп қасқайып тұрып айтады. Әке, ағаларының дұшпан қолынан мерт болғанын табалай сөйлейді. Өліспей беріспей айбат көрсетіп, аспанға шапшиды. Сондай ерегес сөз үстінде Наурызбай елші Жаманқараны өлтіріп жібереді.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27