Әуезовтің шығармашылығы

s15    Драматург бүйрегі қазақ, қырғыздың ешқайсысына бұрмайды: тарихи қанды оқиғаны, хан Кененің соңғы сәттерін зор трагедиялық қуатпен реалистік тұрғыда көрсетіп береді.

Кенесарының мінез қырлары сан алуан әрекет арқылы өз ортасында, дұшпандарымен арпалыста, бейбіт күнде, майданда, хан ортасында, соғыс үстінде біртіндеп, сатылап барып, кеңінен ашылады. Ол бірде арғы-бергіні түгел шолып, түптеп ойлайтын дана, бірде кеселді түйінді асқындырмай, қолма-қол шауып тастайтын оташы, бірде дұшпанын қарату үшін мал-жан, дүние-мүлік, сауға-олжаны төгіп жіберетін жомарт, айлакер, бірде түпкі мақсатына жету үшін жауласқанның басын алмай тынбайтын қатыгез, жол-жора, дәстүр-заңға келгенде, жақын-жуық, алыс-ағайын деп бөлмейтін, қара қылды қақ жаратын әділ, бұл сипаттар хан тағына отырғанда, үстінен патша ұлығына арыз жазған Мұса опасыздығын кешіргенде, шабуылдан түскен олжаны Дулат еліне таратқанда, қырғыз елшісі Жаманқараны Наурызбай өлтіріп жібергенде, немере қарындасы Қарашашпен жақындығын сезген соң, інісін жазалауда, қоршаудан қашып шығу мүмкіндігін пайдаланбаған сәтте – осы секілді сан алуан жағдайда алмағайып ситуацияларда көрініс береді. Сөйтіп, отқа салып балқытып, мұзға салып суарған алмас қылыштай қаһарманның бір басында қырық кісінің айласы бар елбасының сан қырлы бейнесі драмалық тәсілдер арқылы сомдалып шығады. Кенесары қашанда ықшам, шебер қысқа сөйлейді. Өзінің елі үшін күресіп, елі үшін шәйіт боп өтерін толғайтын, кейінгі ұрпаққа айтатын аманаты іспеттес әйгілі сыры, мұңды монологының өзі дөп-дөңгелек.

Ерлігі мен өрлігі бір басынан артып жығылатын Бопай ескі заң мен көне жоралғыны ұстанып отырса, Бопай болар ма еді, қарадан шыққан Бұғыбай батырмен көңілдестігін, тіпті уақыты жеткенде оған қосақ болудан тайынбайтынын жасырмайды да. Тіпті көзінің ағы мен қарасындай көретін батыр інісі Науанның өзімен Бұғыбай үшін қайта-қайта шарпысып, отқа түскендей болады.

Үлкен шебердің сомдап құйған драмалық характерлерінің бірі – Наурызбай. Жас батырдың фольклордағы, тарихи деректердегі сипаттамасын Әуезов терең зерттеп біліп, өз шығармасында ұлғайта келіп, естен кетпестей сахналық бейне жасаған. Бұл сөзі, ісі, әрекеті, сезім түйсігі, ой байламы бір-ақ арманға, бір-ақ жолға – қазақ елінің еркіндігі үшін күреске арналған қас батыр.

Билік орнықтырудың бірден-бір құралы – күш көрсету, тізе бүктіру деп біледі. Мұның ар жағы зорлық, қаталдық, қатыгездік, көз жасы, өлім. Ақылға тізгін бермей, ашуға шырақ жаққан батырдың сондай қаһары тұтас тайпалы елді бүлдіріп, хан Кененің тобына қосу орнына, оларды дұшпан туының астына жинаған кездері аз болмаған.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27