Әуезовтің шығармашылығы

s15    Сол мінездің жария болған сипаты Наурызбай мен бас қолбасы Бұғыбай арасындағы бірте-бірте шиеленісіп, ақыры мүлде ушығып барып, екі батырдың қол жұмсауға дейін баратын әрекеттерінен көрінеді. Төре әулетін адам баласының ең асыл нәсілі санайтын Наурызбай қарадан шыққан батыр Бұғыбайдың апасы Бопаймен көңілдес болуын сүйекке түскен таңба деп, намыстан өртеніп, кектене шиырығып, қалшылдап кетеді. Өзгелер бөгет жасап, араша түспесе, Бұғыбайды өлтіріп жіберуі мүмкін еді.

Мұсылмандық шариғаты тыйым салса да, Наурызбай немере қарындасы, бірақ шешелері бөлек Қарашашпен көңіл қосады. Ұстараның жүзінде жүргендей, өмір мен өлім шайқасындағы бір сәттік рахат, қуанышы осы ғана.

Кенесарыны қазақ ру басыларының бірі қолдаса, бірі қарсы шықты. Қарсылық әр деңгейде болғаны белгілі: жігіт бермеу, мал бермеу, соғысу, іріткі салу, патшаға сатылу, дұшпанды қолдап кету, уәде беріп, артынан опасыздық жасау. Осы алуандас сан түрлі әрекеттерді драматург жанр мүмкіндіктеріне орай пьесаның өн бойында түгел көрсетіп отырады. Бұлардың ішіндегі кеуделісі Жантөре қазақ халқының бірлігіне, елдігіне сенбейді, жұртты ішкен-жегеніне мәз тобыр, жайдақ су санайды. Сондай ел сайлаған Кененің хандығында да мағына жоқ деп біледі. Қайта патшадан шен алып, әскер жиып келіп, өзі билік құруды мақсат етеді. Қасындағы екі би көбіне мұның шылауында, қостаушысы, көлеңкесі іспеттес. Ру басыларының мұндай қара бастарының қамын жеген опасыз тұрпатының бір үлгісі: кеше хан Кенені таққа отырғызғанда қолдаушы болған, бүгін оның үстінен Омбы ұлығына ақтабан сойылдың табанына тығып, жирен атты жансыздан шағым жіберген – Мұса би.

Драматург хан Кененің Арқада, Жетісуда дұшпандары болған би, төрелерді бөліп-жармай, олардың мінез-құлық қалпының, дүниетаным нысанасының, тіршілік мақсатының бір арнада екендігін дәл де айқын көрсетеді. Дулат елінің басшылары ретінде көрінетін Рүстем, Сыпатай, Байұзақ үшеуі үш түрлі мінездің адамдары. Әуелі хан Кене қозғалысына қосылғандай боп, келген бұлардың нағыз тас босаға, тар кезеңде шын сырлары ашылады, Рүстем төре хан Кене мен Наурызбайдың бар билікті өз қолдарына алып, бәрін өздері шешкендерінен іш тартады. Оның үстіне бас қолбасы Бұғыбайдың өзі жеңістен күдер үзіп отырғанда, Наурызбай шекесінен қарап, менсінбей жүргенде, қанына қарайып, әбден өшігіп алған қырғыз манаптары бұларға мал берем, олжа берем, туыстықпен бітісем деп тұрғанда оққа қарсы шауып, не көрініпті? Бұлардың ішінде Кенесарының қазақ, қырғыздың басын қосып, тұтас ел қылам деген түкпірлі ойы Байұзаққа ұнағанмен, жол айырығына келіп, мойынға шылбыр түсердей сәтте, ол да сырт айнала береді. Сөйтіп 12 мың сарбазы бар Дулат қосыны Кенесарының жау қоршауына тастап, соғыс майданынан түн жамылып сытылып шығады. Жеке бастарының қамын, ру-тайпа көсемдігін тұтас ел болу идеясынан жоғары қойған опасыздар кеселінен трагедиялық қателік жасалып, аз сарбазбен тұйықта қалған есіл ер мерт болады.

Осындай ұлы трагедиялық шығарма «Хан Кене» пьесасы жиырмасыншы жылдардың аяғында жазылып, көп қиындықпен 1934 жылы сахнаға шыққанмен, қолма-қол тыйым салынды да, 1981 жылы қайта басылды.

Беттер: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27